Еңбек тәуекелдер картасындағы кәсіпорындардың еңбек ахуалын қарау мақсатында және облыстың мүдделі органдарымен бірлескен өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарында кездесулер өткізілді.
Кездесулерде Департамент басшысы Б.Жұмағұлов әрбір аудан бойынша тәуекел аймағындағы кәсіпорындардың жағдайына кеңінен тоқталып, облыстың еңбек жағдайы маңызды әрі негізгі көрсеткіштердің бірі екенін атап өтті.
Осы ретте, барлық әкімдер мен тиісті мекемелер әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында бірлесіп, жұмыс берушілер тарапынан барлық міндетті төлемдердің және жалақының мерзімінде жүргізілуіне, кез-келген мәселелерге бей-жай қарамай, ұжымдағы ахуалды қатаң түрде бақылауда ұстауға шақырды.
Сонымен қатар әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия жұмысын жандандырып, кәсіпорын басшыларының еңбек саласындағы жұмысын, оның ішінде еңбек шарты, өндірістік жарақаттануды азайту бағытында жұмыскерлерді жазатайым оқиғадан сақтандыру шартын жасасу мәселелерін тұрақты қарау қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ, кездесулерде Департаменттің мемлекеттік еңбек инспекторы Б.Жұманов білім беру мекемелерінде еңбек қатынастары бойынша туындайтын кейбір мәселелерге сәйкес қолданыстағы заңнамаларға түсіндірме беріп, білім беру ұйымдарының басшылары мен мамандары қойған сұрақтарға жауаптар берілді.
Кездесулерге аудан әкімінің орынбасарлары, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аудандардағы басқарма, бөлім басшылары және кәсіпорын басшылары мен тиісті кәсіпкерлер қатысты.