Үстіміздегі жылдың 10 маусымында Үкімет отырысында Еңбек қауіпсіздігі және әлеуеметтік саланы цифрландыру шаралары туралы мәселе қаралды.
Бұдан кейін, күн тәртібіндегі мәселе облыс әкімінің төрағалығымен өңір деңгейінде қаралып, орталық және жергілікті атқарушы орган басшыларына, барлық деңгейдегі әкімдерге аталған бағыттағы қажетті шараларды нақты ұйымдастыру жүктелді.
Осы ретте, облыс әкімі Н.М. Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасына енгізілген еңбек даулары туындауы мүмкін кәсіпорындармен жұмыс жасау бағытында бірлескен өзара іс-қимыл жоспары бекітіліп, арнайы жұмысшы тобы құрылды.
Осыған орай, бүгін жоспарға сәйкес Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Б.Жұмағұлов Арал және Қазалы аудандарына барып, еңбек тәуекелі санатындағы кәсіпорындармен кездесу өткізді.
Кездесулерге Арал және Қазалы ауданы әкімінің орынбасарлары, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің аудандардағы басқарма басшылары, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аудандардағы бөлім бастықтары және басқа да жергілікті атқарушы органдар мен мекемелер қатысты.
Кездесу барысында Департамент басшысы Б.Жұмағұлов 2024 жылы іске қосылған «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің негізгі мақсатына тоқталып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тапсырмасына сәйкес, туындауы мүмкін еңбек тәуекелдерінің алдын алу жұмыстары тұрақты әрі қатаң бақылауда болу қажеттігін жеткізді. Осы шаралар қатарында әрбір жұмыс беруші тарапынан міндетті төлемдерді мерзімінде жүргізуде дербес жауапкершілік танытуға шақырып, еңбек ұжымындағы ахуал қатаң бақылауда болу керектігіне баса мән берді. Басқосуда мұнымен бірге кәсіпорындардағы еңбек заңнамасының және еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, әсіресе жұмыскерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасасу кезек күттірмейтін маңызды мәселе екеніне назар аударып, ұйымдарда ұжымдық шарт жасасудың ерекшілігі мен қажеттілігі жөнінде айтып өтті.
Сонымен қатар Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің тапсырмасына сәйкес, білім беру мекемелерінде еңбек заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарының басшылары және жауапты қызметкерлерінің қатысуымен еңбек қатынастары саласындағы кейбір мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тақырыпқа сәйкес қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар берілді.