Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс отырысында облыстық бюджетті нақтылау мәселесі қаралды

Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс отырысында  облыстық бюджетті нақтылау мәселесі қаралды

Ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінде облыстық мәслихаттың кезектен тыс 19 сессиясы өткізіліп, облыс үшін маңызды бірқатар мәселелер талқыланды. Оның ішінде 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетті кезекті нақтылау мәселесі.

Облыстық мәслихат сессиясының қарауына 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетті 9,5 млрд.теңге сомасында кезекті нақтылау мәселесіұсынылды.Оның ішінде облыстық бюджеттің түсімдері 3,5 млрд.теңгеге ұлғайтылып, облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің үнемделген және пайдаланылмаған қаржылары 2,9 млрд.теңгеге қысқартылды. Сонымен бірге, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің келісімі негізінде 3,1 млрд.теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылатын болады.

Бұл қаржылар аймағымыздағы әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары кезек күттірмейтін бірқатар іс шараларды қаржыландыруға бағытталып отыр.

Атап айтқанда, білім саласында мемлекеттік балабақшалардың қызметін үздіксіз ұйымдастыру мақсатында қызметкерлердің еңбекақысы мен коммуналдық шығындарын өтеуге облыстық бюджеттен 900 млн.теңге қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ, Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласында жаңадан ашылған дарынды балаларға арналған мектеп интернаттардың ашылуына байланысты ұстап тұру шығындарына 54,6 млн.теңге қаржы бөлінді.

Сонымен қатар, мәдениет және спорт саласында балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын пайдалы әрі тиімді өткізуіне, шығармашылық және спорттық өсуіне бағытталған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды қаржыландыруға(барлығы 22648 ваучер) 600 млн.теңге қаржы қаралды.

Сонымен бірге, әлеуметтік сала бойынша І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманның жалақысын төлеуге(2042 маман), мүгедектерді техникалық  көмекші құралдарымен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуге өзге де әлеуметтік мәселелерді шешуге осы нақтылауда 251,4 млн.теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.

Сонымен қатар, автомобиль жолдарын жөндеу, ауылдық елді мекендерді газбен жабдықтау бойынша республикалық бюджеттен қаржылындырылып отырған бірқатар жобаларды облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға, сондай-ақ автобомиль жолдарын орташа және күрделі жөндеу бойынша жобаларды аяқтауға 465,9 млн.теңгеқаралды.

Алдағы жылу маусымына алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында бірқатар әлеуметтік нысандардыңқазандық ғимаратының құрылысының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге қосымша 46,6 млн.теңге қаржы қарастырып отырмыз.

Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру шараларын іске асыру мақсатында облыстық бюджеттен 1,8 млрд.теңге бөлінді.

Сонымен бірге, тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың санын азайтып тұрғындарды жайлы баспанамен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлерді сатып алуға облыстық бюджеттен 1,1 млрд.теңге бөлінсе, 2022 жылы аймағымызда
3,1 млрд.теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы жалпы саны 470 пәтерді құрайтын 10 тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асырылатын болады.