
Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі Қаржы орталығы акционерлік қоғамының президенті Асқар Ибраимовтің айтуы бойынша бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесі біраз жетілдіруді қажет етеді. Осыған орай орта білім беру жүйесінің ұйымдық-экономикалық тетігінің өзгеруін көздейтін бірқатар заңнамалық актілер қабылдануда.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қазіргі уақытта орта білім беруге жан басына шаққандағы қаржыландыруды кезең кезеңмен енгізу іске асырылып жатыр.
Жан басына шаққандағы қаржыландырудың мәні – мектепті қаржыландыру тәсілдемесін 1 оқушыға шаққандағы оқу нормативіне негізделген тәсілдемеге өзгерту.
Жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу жалпы білім беретін мектептердің жұмыс істеуіне деген қолданыстағы тәсілдемені өзгертеді. Нәтижеге бағдарланған қызмет бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін арттырады, жалпы білім беретін мектептердің материалдық жағдайын жақсартады және жұмыс нәтижелерін ынталандырудың қосымша шаралары есебінен педагогтың беделін жоғарылатады.
Аталған тетік мектепті қаржыландыру көлемін анықтауды және оның шығыстарын жоспарлауды жеңілдетеді.
2013 жылдан республикамызда орта білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландырудың апробациясы басталды.
Пилоттық жобаға 5 өңірдің (Ақмола Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары) және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының мектептері қатысты.
2018 жылғы қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру Нұр-Сұлтан қаласының барлық мемлекеттік және жеке меншік мектептерінде, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап республикамыздың барлық жеке меншік мектептерінде енгізілді.
2019 жылғы қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру Алматы мен Шымкент қалаларының мемлекеттік мектептерінде енгізілетін болады, ал 2020 жылғы қыркүйектен бастап республикамыздың барлық қала мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыруға толық масштабты өткізу жүзеге асырылады.
Жан басына шаққандағы норматив аймақтылығы (экология, радиация), орналасқан жері (қала, ауыл), білім беру деңгейі (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), білім беру бағдарламаларының түрі (түзету топтарында, үйде оқу) бойынша ерекшеленеді .
Жан басына шаққандағы қаржыландырудың қазақстандық моделі мектептің құрылысымен байланысты инвестордың шығындарын өтеу арқылы білім беру жүйесіне жеке меншік капиталды тартуды көздейді.
Республикамыздың ірі қалаларында әсіресе байқалатын оқушылар орнының жетіспеушілігімен байланысты өткір мәселені ескеретін болсақ, бұл мәселені жеке меншік мектептер желісін кеңейту арқылы ішінара шешуге болады.
Жеке меншік мектептерде мемлекеттік тапсырысты заңнамалық деңгейде орналастыру құқығын ескеріп, 2019 жылдан белсенді түрде жеке меншік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру басталды. Бұл мақсаттарға республикалық бюджет шығыстарының шеңберінде қаражат қарастырылады.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі жеке меншік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастырумен ғана шектелмейді, ол сондай-ақ жаңадан енгізілген жеке меншкі мектептер үшін әрбір оқушы орнына ынталандыру компонентін көздейді. Аталған компонент 8 жыл бойы төленеді және инвесторға оның меншігінде қалатын мектепті салуға жұмсаған шығындарын қайтарады. Сонымен қатар, ата-аналар төлемін, оның ішінде баланың мектепте болуына жақсартылған жайлы жағдай ұсынғаны үшін төлем алу құқығы қалады.
Жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу барысында алынған барлық нәтижелер қабылданған шешімнің дұрыстығын, уақытылығын және тиімділігін дәлелдейді.
Бүгінгі таңда жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында республиканың жұмыс жасап тұрған 80 жеке меншік мектепте мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды.