Дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша жиын өтті

Дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша жиын өтті

Кеше облыс әкімінің орынбасары М. Шермағанбеттің қатысуымен дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша кеңейтілген жиын өтті.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, дін саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және діни бірлестік өкілдері қатысты.

Жиын барысында өңірдегі діни ахуалдың қазіргі жағдайы, конфессияаралық келісімді нығайту, зайырлылық қағидаттарын сақтау, діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды. Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметін жетілдіру, жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту және әлеуметтік желілердегі деструктивті мазмұнға қарсы тұру мәселелері қозғалды.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы М.Қазбекова аймақтың дін саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

Мейрамбек Зинабдинұлы өз сөзінде тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар, діни бірлестіктер және азаматтық қоғам институттары бірлесе әрекет етуі маңызды екені айтылды.

Жиын қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, дін саласындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру және үйлестіру шаралары айқындалды.