МӘМС үшін төлемеген жұмыс берушіге айыппұл салынады

МӘМС үшін төлемеген жұмыс берушіге айыппұл салынады

Қызылорда облысының 400-ден астам ұйымдары мен мекемелері өз қызметкерлері үшін МӘМС үшін жарналар мен аударымдарды төлемеген. Өңірде барлығы 133,5 мыңға жуық тұрғын сақтандырылмаған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың төрағалығымен өткен МӘМС мәселелері жөніндегі өңірлік штаб отырысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов хабарлады.

- Ағымдағы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 440 ұйым мен мекеменің 12,5 мыңға жуық жалдамалы қызметкері, шарт негізінде жеке практикамен айналысатын 20 мыңнан астам қызметкері, 3,5 мың кәсіпкер МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Сондай-ақ, медициналық сақтандыру жүйесінен тыс 4 мыңнан астам БЖТ төлеушілер, 3 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 2 мыңға жуық басқа санаттағы азаматтар қалып отыр. Сақтандырылмағандардың басым бөлігін құрайтын 88 135 адам (93,1%) - соңғы 12 айда жарналар мен аударымдарды төлемеген тұлғалар, — деп хабарлады Бақыт Исмаханбетов.

Қор филиалының директоры МӘМС жүйесімен толық қамту үшін қалалар мен аудандардың әкімдіктері, Мемлекеттік кірістер департаменті, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдары халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, Бақыт Исмаханбетов еңбек демалысы кезеңіндегі жарналар мен аударымдардың уақтылы жүргізілуіне, еңбекке жарамсыздық парақтарын ашуға назар аударды. МӘМС үшін уақтылы төлем жасамаған мекемелерге қатысты "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңда белгіленген айыппұл санкцияларын қолдану қажет.