ЖҮРГЕНОВ ӘЛЕМІН КӨРМЕДЕН КӨРДІК

ЖҮРГЕНОВ ӘЛЕМІН КӨРМЕДЕН КӨРДІК

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы аясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосқан ұлтжанды тұлғаның 125 жылдығына орай «2023 жыл – Темірбек Жүргенов жылы» деп жарияланды.

Сыр елі төл перзентінің мерейтойын лайықты атап өтуге байланысты облыстық іс-шаралар жоспарын бекітті. Шараның алғашқы беташарын Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ашты. Мұнда «Ұлтын ардақтаған ұлтжанды тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрме төрт бөлімнен тұрады. Алдымен «Өнегелі өмір» бөліміне Алаш қайраткерінің өмірі мен қызметіне қатысты кітап, фотосуреттер қойылды. Екінші бөлім – «Қайраткердің қалам қажыры» деп аталды. Бұған мақалалары мен еңбектері, мұралары орналасты. Ал, үшіншісі – «Асыл өнердің қамқоршысында» қайраткер жайлы естеліктер, кітаптар мен мақалалар топтастырылды. Төртінші бөлімде тарихи-ғұмырнамалық естеліктер, зерттеулер, мерзімді баспасөзде жарияланған мақалар, түрлі шараның іс-қағаздары орын алды. Бөлім «Тұлға жайлы ізденістер» атауын иеленді.

Көрмеге келген қонақтар мен зиялы қауым өкілдері құнды дүниелерге қызығушылық танытты, жан-жақты танысты.

Қайраткер есімі көрме арқылы бір жаңғырды. Бұл орайда кітапхана ұжымының еңбегін ерекше атаған жөн. Алда талай шаралардың мүмкіндігі тұр. Демек, биыл нарком Жүргеновтың 125 жылдығын лайықты атауға жерлестері барынша атсалысатын болады.