Меморандум – мәдениет қызметін маздатудың мүмкіндігі

Меморандум – мәдениет қызметін маздатудың мүмкіндігі

Халыққа мәдени қызметті кеңейту, кітапхана игілігін пайдалану аясын өрістету туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы бүгін тағы бір сәтті қырынан көрінді.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылған  үлкен шараның үрдісі – бүгінгі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев пен облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысы Руслан Рүстемов өзара әріптестік меморандумына қол қоюы еді. Бұл мемлекеттік қызметшілердің интеллектуалды ойын дамытуға, дүние танымын кеңейтуге, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға ықпалы зор  келісім кепілі болатын.

Көптің көкейінде «Кітапханаға неге кісі келмейді?» деген жансақ пікір бар. Мұның мейлінше жалған екенін ел біледі. Шынтуайтында, кітапханаға оқырман келмейді емес, келеді. Ал, ендігі жерде ықыласты оятудың тағы бір озық үлгісін жандандырудың жолы ашылмақ. Осы мақсатта мемлекеттік қызметшілер арасында «Жылдың үздік оқырманы» атты облыстық байқау өткізу жоспарланып отыр. Бұл байқауға поэзия және проза жанрындағы таңдаулы шығармалар ұсынылады. Сайыста мемлекеттік қызметшілердің тіл шеберлігіне, сөйлеу мәнеріне ерекше мән беріледі. Сонымен қатар, меморандум аясындағы байқауда «Ең үздік кітап оқитын мекеме» номинациясын анықтау көзделген.

Жалпы, аймақта 354 мемлекеттік орган тіркелсе, онда үш мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Демек, алдағы уақытта кітапхана оқырманы өсе түседі деп болжауға болады.

Басқарма басшысы Руслан Рүстемовтың айтуынша,  кітапхана – шығармашылық және рухани ордаға айналуы керек. Сол үшін уақытпен үндес жобалар жоспарланып, оның нәтижесі еселене түседі.

Бүгінгі таңда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 32000-нан астам  оқырманға қызмет көрсетеді. Ал, кітап қоры 418680 дананы құрайды. «Кітапхана қорларын цифрлау» жобасы аясында қор сақталымын қамтамасыз ету мақсатында 6030 дана цифрлы форматқа көшірілді.