«Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы жұмысын бастады

«Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы жұмысын бастады

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет өңірлік коммуникация қызметінің алаңында «Сыр елі» мега жобасы шеңберіндегі «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасының негізгі ерекшеліктерін баяндады.

- 2020 жылы бастау алған «Сыр елі» мега жобасының шеңберінде ішкі саясат саласының «SYR QOǴAMY», мәдениеттің «SYR SHAŃYRAǴY», ассамблеяның «SYR BİRLİGİ», жастардың «SYR BOLASHAǴY», спорттың «SYR SPORTY» секілді салалық бағыттар арқылы жүзеге асырылуда. 2021 жылдың көктемінде мега жоба шеңберінде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы негізінде «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы әзірленді. Жоба үш жылға жоспарланған. 5 бағыттан тұрады. Олар: «Сыр саңлақтары», «Туған жер – тұнған шежіре», «Тал бесіктен – жер бесікке дейін», «Сыр елі – Жыр елі», «Сыр өңірі – ұлттық құндылықтардың темірқазығы», - деді Серік Ахмет.

COVID-19 пандемиясына қарамастан биыл 113 түрлі форматты шаралар мен жобалардан тұратын жоспардың 80-нен астам шарасы өткізіліп, оларға 20 мыңға жуық адам қатысты. Айта кету керек, бірқатар шаралар онлайн форматта ұйымдастырылды.

Атап айтсақ, «Сыр саңлақтары» бағыты бойынша - сәуір айынан бастап облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ақмешіт» филиалы мен «Qyzylorda» телеарнасының бірлескен «Құнды жәдігер» телевизиялық жобасы бастау алды.

«Мәңгілік сарын - Қорқыт ата  мұрасы» атты облыстық онлайн қыл қобызшылардың фестивалі, «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы өткізіліп, аламанға Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Әсем Ережеқызы, Аспанбек Шұғатаев, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұровтар бастаған республикаға танымал 12 ақын қатысты.

Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында облыс кітапханаларында «Балалар әдебиеті» айдары, «Жазғы кітапхана», «Ертегімен есейем», «Әжем айтқан ертегі», облыс музейлерінде «Тарихи тұлғалар», «Бұл үйде кім тұрған?», «Музей радиосы», «Асыл мұра», «Жас өлкетанушы», «Киелі мұра» жобалары жүзеге асырылуда.

«Туған жер – тұңған шежіре» бағыты бойынша – ақпан-сәуір айларында ортағасырлық Сығанақ қалашығына, Оқшы Ата, Төлегетай қылышты баба кесенелеріне М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжі және «ORDA» жоғары колледжі студенттерінің қатысуымен 2 рет, Қазалы ауданының студенттері мен тарихшы-өлкетанушыларының қатысуымен «Тарих-Туризм» тақырыбында ортағасырлық Жанкент қалашығына, Қосым қожа, Дәулет бақсы, Сартай батыр, Ақ ишан, Қарасақал Ерімбет, Адам ата кесенелеріне тарихи-танымдық экспедиция жасалды.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыстық ішкі саясат басқармасы, қала және аудан әкімдіктері мен «Ақ сөйле» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сыр дарыны» жастар шығармашылық байқауы басталды. Конкурс жазба ақындық өнер, айтыс, дәстүрлі ән және жыр-терме бағыттары бойынша өткізіліп, республикалық жас ақындар айтысымен түйінделеді.

Ал, «Тал бесіктен – жер бесікке дейін...» бағыты бойынша - «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының негізінде Білім басқармасының ұйымдастырумен Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы тәрбиеленушілеріне арналған «Тәлімгерлер» жобасы, «Жаныңда жүр жақсы адам», «Отаныма 30 қайырымды қадам» акциялары және басқа да ауқымды шаралар өткізілген.

«Сыр елі – Жыр елі» бағыты бойынша - ақпан-наурыз айларында облыстық білім және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларының ұйымдастыруымен айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовпен облыстың барлық аудандарында ұлттық өнерімізді насихаттау, өскелең ұрпақты айтыс өнеріне баулу мақсатында кездесу шаралары, онлайн форматта концерттермен басқа да мәдени шаралар өтті.

«Сыр өңірі – ұлттық құндылықтардың темірқазығы» бағыты бойынша – жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттерімен онлайн және офлайн негізінде «Адамның сапасы – тарихтың қозғаушы күші» тақырыбында мәдениеттанушы, тарихшы, философтар мен әлеуметтанушылардың қатысуымен сұқбат-кездесулер өткізілген.

Облыс әкімінің орынбасары жаңадан бастау алғын «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы әрбір азаматың рухани жаңғыру жолына жетелеуіне жол ашатынын тілге тиек етті.

- Жобаның басты мақсаты – өңірдің тарихи-саяси және мәдени-рухани даралығын жан-жақты айшықтап, насихаттау. Өскелең жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеп, қастерлі Тәуелсіздігіміздің құндылығын ұғындыру. Ұлттық жаңғыру кезеңіндегі адамның жаңа болмысын қалыптастыру. «Сыр жұрты» жобасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Сыр елінің тарихи-мәдени және зияткерлік әлеуеті артып, жаңа жәдігерлер мен тың жаңалықтарға толығып, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетімізді жастар бойына сіңіруге өз үлесін қосады деп білеміз, - деді Серік Ахмет.