Таң ауылының тұрғындары кітап керуенін зор ықыласпен қарсы алды

Таң ауылының тұрғындары кітап керуенін зор ықыласпен қарсы алды

Аймақта бастау алған «Кітап керуені» жобасы Жалағаш ауданының Таң ауылына жетті. Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындары арасында кітап оқуды насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу және оқырман мәдениетін дамыту. Акция аясында кітапхана саласының үздік мамандары мен белсенді оқырмандары марапатталды. Кітапхана мамандарына Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаты табысталды. Кітапхана оқырмандарына «Үздік оқырман», «Ең белсенді оқырман», «Кітап жанашыры», «Үздік жас оқырман», «Үлгілі оқырман отбасы» номинациялары және қаржылай сертификаттар табысталды. Бағдарлама аясында «Өлке руханияты: жыр мен ойдың тоғысы» атты әдеби кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге ақын-жазушылары мен мәдениет қайраткерлері арнайы қатысып, руханият пен әдебиеттің қоғамдағы орны туралы ой бөлісті. Сондай-ақ, «Кітап. Білім. Цифрлық технология» тақырыбында шеберлік сағаты, кітап талқылау, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өткізілді. Акцияда жазушы Құттыбай Сыдықовтың зайыбы Қуанышкүл Сыдықова, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тұрақ Адисұлы, ақын қыздарымыз Ғазиза Әбілда, Гаухар Қожахметова кітаптарын сыйға берді. Шарада жаңа кітаптар таныстырылып, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оқырмандар өздерін қызықтырған әдебиеттермен танысып, кітап оқу мәдениеті мен әдебиеттің қоғамдағы маңызы туралы пікір алмасты. Ауыл тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай игі жобалардың ауыл-аймақта жиі ұйымдастырылуына тілектестік білдірді. Кітап керуенінің келесі сапары Жаңақорған ауданы, М.Нәлібаев ауылында жалғасады.