
Кітап керуенінің сапары Қазалы ауданы, Ү.Түктібаев ауылында жалғасты. Шараның басты мақсаты – кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Кітап керуені барысында көпшілікке қазақ және әлем әдебиетінің үздік туындылары, балалар әдебиеті, тарихи-танымдық және көркем шығармалар, сирек кітаптар ұсынылды. Ауыл тұрғындары кітап көрмесін тамашалап, өздерін қызықтырған әдебиеттермен танысты. Шараның салтанатты ашылуында кітапхананың бірқатар қызметкерлері Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталып, оқырмандарға арнайы номинациялар және қаржылай сертификаттар табысталды. Шара аясында ақын-жазушылармен кездесу кеші, кітап талқылау, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Іс-шарада мәдениет саласының ардагері Болат Жолтаев кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы ой бөлісіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Ақын, ұстаз Сағыныш Мұхитқызы, ұстаз Жауғашарова Гүлбарам өз шығармашылықтарынан өлеңдер оқыды. Кітап керуені ауыл оқырмандары үшін мазмұнды әрі әсерлі кездесу болды. Тағылымы мол мәдени шара ауыл тұрғындарының рухани дамуына серпін беріп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосуда.