«Кітап керуені» ақциясы Қамыстыбас ауылында ұйымдастырылды

«Кітап керуені» ақциясы Қамыстыбас ауылында ұйымдастырылды

Кітап оқуды насихаттау, оқырмандардың рухани дүниесін байыту және әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында Қамыстыбас ауылында ұйымдастырылған кітап керуені жергілікті тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырды. Акция аясында ауыл тұрғындарына түрлі жанрдағы кітаптар ұсынылып, жаңа басылымдар таныстырылды. Оқырмандар өздерін қызықтырған әдебиеттермен танысып, кітаптар туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, кітап талқылау, шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, қатысушылар рухани әсер алды. Жергілікті ақын-жазушылармен Жұмабай Жақып, Ерғали Абдулла, Абай Елеш, Айдар Сайлауовпен кездесу кеші өтті. Ауыл тұрғындары кітап керуенінің маңыздылығын атап өтіп, мұндай шаралардың жиі өткізілуіне тілектестік білдірді. Кітапқа құштар тұрғындар ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, кітаптың адам өміріндегі орны ерекше екенін жеткізді. Бірқатар қызметкерлер Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатымен, оқырмандар арнайы номинациялармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды. Мәдени жобаның жүзеге асуына белгілі кәсіпкер, «Бертағы» супермаркетінің басшысы Асылхан Жұмажанов, Арал-Қазақстан теміржолының бастығы Талғат Шүренов демеушілік жасады.