«Кітап керуені» Дүр Оңғар ауылына келді

«Кітап керуені» Дүр Оңғар ауылына келді

Кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Кітап керуені» жобасы Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылында өтті. Шараға ауданның ақын-жазушылары мен мәдениет қайраткерлері арнайы қатысып, рухани бастамаға қолдау білдірді.

Іс-шарада кітапхана саласының үздік мамандары мен белсенді оқырмандарына Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаттары табысталып, оқырмандар «Үздік оқырман», «Ең белсенді оқырман», «Кітап жанашыры», «Үздік жас оқырман» және «Үздік оқырман отбасы» номинацияларымен марапатталды.

Бағдарлама барысында «Өлке руханияты: жыр мен ойдың тоғысы» атты әдеби кездесу ұйымдастырылып, ақындар А. Үсенов пен Д. Нәзікбаев, белгілі жыршы А. Ешбаева және Қармақшы ауданының қаламгерлері әдебиет пен руханияттың қоғамдағы орны туралы ой бөлісті. Сонымен қатар, жастар аудиториясына арналған «Кітап. Білім. Цифрлық технология» тақырыбында шеберлік сағаты, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылды.

«Кітап керуені» жобасы тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға,
оқу мәдениетін қалыптастыруға және ұлттық рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени бастама ретінде өз жалғасын табады.