МУЗЕЙ ТҮНІ – 2026

МУЗЕЙ ТҮНІ – 2026

✨ 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «МУЗЕЙ ТҮНІ – 2026» атты ауқымды мәдени-танымдық шара өтті. Шарада облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбет музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады, бірқатар азаматтар марапат төрінен көрінді.

🌙 «Музей – тарих, музей – өмір...» атты ашық есік күні аясында өткен мәдени кешке зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, суретшілер мен қолөнер шеберлері, жастар, студенттер, оқушылар және қала тұрғындары мен қонақтары кеңінен қатысты.

🎨 Кеш барысында музей аумағы ұлттық нақыш пен заманауи мәдениетті тоғыстырған үлкен шығармашылық алаңға айналды.

🔹 «Сыр шеберлері» көрме-жәрмеңкесінде қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Келушілер қазақы өнердің терең мазмұны мен дәстүрлі шеберліктің әсем үлгілерін тамашалады.

🏕 «Дала рухы» этноауылында халқымыздың салт-дәстүрі, ұлттық болмысы мен тұрмыс-тіршілігі кеңінен насихатталып, этнографиялық көріністер ұйымдастырылды. 🎶 «Күй керуені» атты тірі музыка кешінде күмбірлеген күй мен ұлттық әуендер кештің көркін қыздырып, келушілерге ерекше рухани әсер сыйлады.

🎭 Балаларға арналған «Балаларға бояулы әлем» аквагрим алаңы мен шығармашылық шеберлік сағаттары кішкентай қонақтардың көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған қызықты аймақтардың біріне айналды.

🏺 Сонымен қатар, келушілер саз балшықтан бұйым жасау шеберлік сағатына қатысып, өз қолдарымен түрлі мүсіндер жасап, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алды.

🌌 «Жұлдыздарға саяхат» жобасы аясында телескоп арқылы аспан әлемін тамашалау ұйымдастырылып, көпшілік ғарыш кеңістігінің тылсым сырларымен танысты.

🏹 Ұлттық ойындар алаңында асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту секілді дәстүрлі ойындар ойнатылып, келушілер белсенділік танытты. 🧩 «Сұрақтар галереясы» атты квест ойыны қатысушылардың білімдері мен зеректіктерін сынап, музей кеңістігін жаңа форматта тануға мүмкіндік берді.

📸 Арнайы жасақталған заманауи фотозона жастардың ерекше қызығушылығын тудырып, кештің ең тартымды орындарының біріне айналды. Тарих пен бүгінді үйлестірген бұл кеңістік келушілерге есте қаларлық сәттерді суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісуге мүмкіндік сыйлады.

🕯 Түнгі уақытта ұйымдастырылған «Тарихтың түнгі тынысы» атты ерекше экскурсия барысында музей залдары мүлде жаңа қырынан ашылды. Келушілер түнгі форматтағы экспозициялармен танысып, тарихи жәдігерлердің сырлы әлеміне терең бойлады.

✨ «Музей түні – 2026» мәдени шарасы музейдің тек өткеннің куәсі ғана емес, руханият пен мәдениетті тоғыстырған заманауи шығармашылық кеңістік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.