КІТАПХАНА – РУХАНИ ҚАЗЫНА ОРДАСЫ

КІТАПХАНА – РУХАНИ ҚАЗЫНА ОРДАСЫ

Бүгін Ұлттық кітап және Кітапханашылар күніне арналған «Кітапхана – рухани қазына ордасы» атты мерекелік шара өтті. Шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Сейілов сөз сөйлеп, барша кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Өңіріміздегі кітапхана ісінің дамуына қосқан елеулі үлестері үшін бірқатар кітапхана мамандарына - «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісі, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар және салалық кәсіподақтың марапаттары да табысталды. Сондай-ақ, еңбек ардагері қоғам қайраткері Сәпен Аңсат пен ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының жетекшісі Қаршыға Есімсейітова жылы лебізіндерін жеткізді. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ауласында қала, аудан кітапханалары өз жетістіктерін, озық жұмыс тәжірибелерін дәріптейтін көрмелер ұйымдастырылды. Көрме - кітапхана ісін қолдауға, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және кітапты білім мен өзін-өзі дамытудың басты құралы ретінде насихаттауға бағытталған мәліметтерден дайындалды. Кітап оқу мен әдеби мәдениетті дамытудың маңыздылығын айқындайтын мерекеде «Кітап – ақылдың кілті» атты жаңа кітаптар көрмесі, «Кітап кейіпкерлерінің шеруі», ақын М.Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Мен поэзияны сүйемін» атты оқушылар арасында байқау, кітапхананың «Oimaq» қолөнер үйірмесінің жұмсақ ойыншықтар жасаудан шеберлік сабағы, «Жыр ғұмырдың жарық жұлдызы» тақырыбымен Исраил Сапарбайдың 85 жылдығына арналған ашық аспан астындағы оқулар, қызықты ойындар мен сайыстар болды.