Бүгін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың туғанына 100 жыл толуына орай "Жауынгер жолы" атты тақырыптық көрменің ашылуы мен "Батырдың үш өмірі – үш бақыты" атты деректі кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс пен батырдың баласы Ринат Нағиұлы жауынгердің өмірі мен қызметіне тоқталып, естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ шараға Н.Ілиясовтың ұрпақтары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Туған елінің бақыты үшін күрескен қаһарман перзентін халқы шексіз сүйіп, өнегесін үлгі-құрмет тұтады, мәңгілік есте сақтайды. Нағи Ілиясов сынды әрбір жауынгердің ерліктері мен еңбектері – бүгінгі бейбіт өмірдің темірқазығы. Ертеңгі елдің иесі болатын жас ұрпақ үшін Нағи Ілиясовтың биік рухы қашанда үлгі болып қала бермек.