
2025 жылғы 1 желтоқсанда Өнер ортылығында ұлы ойшыл, ақын, философ Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай «Абай» операсының премьерасы өтті. Премьераға облыс әкімінің бірінші орынбасары Д. Жаналинов, облыс әкімінің орынбасары М. Шермағанбет, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері және бірқатар белсенді азаматтар мен қала тұрғындары қатысты. Қазақ композиторының әсерлі операсы, таңғажайып музыка жазған туындысы сырбойылық көрермендерімен қайта қауышты. «Абай» трагедиясы еліміздің мәдени өмірін дүр сілкіндірген қайталанбас кесек туынды. ХХ ғасырдың 30-40 жылдары қолға алынып, М. Әуезов шығармашылығының маңызды бағыты болған Абайдай ғұламаның тақырыбы, қайталанбас келбеті оқырмандарынан бұрын сахнада сомдалған бейнесі арқылы халқының жүрегінен орын алды. М. Әуезовтің либреттосына жазылған А. Жұбанов пен Латиф Хамидидің айтулы операсы тек махаббат, жақсы мен жаманның айқасын бейнелеген қойылым ғана емес, қазақ халқының жан дүниесінің алуандығы мен тереңдігін көрсететін айна, көшпелі өмірдің бірегей салты мен философиясын паш ететін тағылымды туынды. Операны сахналауда халық жанашырының іс-әрекеттерін, оның ой тереңдігін, сөзінің өткірлігін, тілінің шеберлігін, азамат ретіндегі беделін филармония әртестері негізгі қалпын сақтап, асқан шеберлікпен көрермен қауымға жеткізді. Классика кешін халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Рустам Рысмағамбетовтың дирижерлік етуімен, облыстық симфония оркестрі сүйемелдеді. Тұтас сахналанған операға Аралас хор ұжымы, «Томирис» би ансамблі, «Ai-Aru»заманауи би ансамблі, «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясы және бірқатар филармония солистері қатысып, көрерменге маңызы терең, философияға толы мәдени демалыс сыйлады.