
Облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбет мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекемелерінің басшыларымен кездесті.
Басқосудың басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа сапарын өз деңгейінде ұйымдастыруға атсалысқандарға аймақ басшысы атынан алғыс білдіру және мәдениет саласының дамуына ой қосып, алдағы жоспарларды нақтылау. Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Сейілов арнайы баяндама жасап, өңірдегі мәдени және рухани бағыттағы жобаларға арнайы тоқталды. Өз кезегінде жиынға қатысушылар да атқарылып жатқан жұмыстар туралы пікір білдірді. Қызылордада Президенттік кітапхана салу туралы Президент бастамасының аймақ үшін мәртебесі зор әрі үлкен жауапкершілік екені белгілі. Осыған орай, сала мамандарына кітапхана жобасының тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ «Руханият орталықтары» мен музейлердің жұмыс сапасын арттыру, Қорқыт ата кешенінің туристік әлеуетін дамыту, мәдени мұра нысандарын сақтау, заңсыз орнатылған ескерткіштерді ретке келтіру мәселелері мен креативті индустрия саласын дамыту да талқыланды. Архив саласына заманауи технологияларды енгізу, оның ішінде жасанды интеллект арқылы құжаттарды тану және іздеу жүйесін жетілдіру жайы да сөз болды. Өнер мен мәдениет саласындағы жетістіктер де назардан тыс қалмады. Н. Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының халықаралық фестивальдердегі жеңістері мен облыстық филармония әртістерінің еліміздің өзге өңірлерінен бөлек, шет ел сахналарында өнер көрсетуі үлкен қолдау мен ізденістің жемісі екені айтылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысының жұмыс сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан бірқатар мәдениет саласының қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.