24 қазан – Кітапханашылар күні

24 қазан – Кітапханашылар күні

Әбділда Тәжібаев  атындағы  облыстық  әмбебап  ғылыми  кітапханасында  24 қазан – Кітапханашылар күніне арналған «Кітапханашы-мәртебелі мамандық»  атты мерекелік шара болып өтті. Кітапхана фойесінде аудан және қала кітапханаларының  жетістіктері, инновациялық жобалары айшықталатын көрме дайындалды. Аймақ кітапханаларының тарихы мен тыныс-тіршілігі, сондай-ақ кітапханашы мамандығының беделін арттыруға, оң имидж қалыптастыруға бағытталған кітап көрмесі бір жағынан әріптестер арасындағы тәжірибе алмасу болды. Мерекелік жиынға Қызылорда облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қ.Жанұзақов, облыс кітапханашылары мен ардагер кітапханашылар қатысты. Салтанатты шарада кітапхана саласының дамуына елеулі үлес қосқан үздік кітапхана қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің  «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, «Құрмет грамотасы» және  «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ бірқатар қызметкерлерге Қазақстандық Кітапханалық Одақтың «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісі, «Қазақстандық  салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері  кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі, облыс  әкімінің Алғыс хаттары табысталды.