МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТ ТӨРІНЕН КӨРІНДІ

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТ ТӨРІНЕН КӨРІНДІ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орталығында» Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мерекелік шара өтті. Оған сала қызметкерлері мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, сала жетістіктеріне тоқталды.

Мерекеде дәстүрге айналған облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы табысталып, Сыр өңіріндегі әдебиет пен өнер өкілдерінің мерейі асқақтады.

Қызылорда қаласы мен аудандардағы өнер ұжымдарына қобыз сыйға берілді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері, Құрмет грамотасы және Алғыс хаты тапсырылды.

Биылғы мерекелік даталарға орай өңірде жыл бойында бірқатар ауқымды мәдени-рухани шара өтеді деп жоспарлануда.

Айта кетейік, өткен жылы өңірімізде жарияланған «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда «Руханият орталықтары» ел игілігіне табысталды. Бұл орталықтарда ұлтымыздың құндылықтары дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз кеңінен насихатталуда. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы» салынып, пайдалануға берілді. Жақында Қызылордада балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы өз жұмысын бастады. Жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдау, қосымша білім беру жүйесін дамыту мақсатында соңғы үш жылда 4 «Оқушылар сарайы» мен 2 «Өнер мектебі» ашылды.

Шиелі ауданынан 200 орындық «Оқушылар сарайы» мен 50 орындық «Өнер мектебі» салынуда. Сыр топырағында ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне қызмет еткен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты демеушілікпен бой көтеруде. Облыстық тарихи-өлкетану музейі салынуда, қалалық мәдени-демалыс паркі заманауи сипатқа еніп, қайта жаңғыртудан өтуде. Аталған нысандар 1 маусым күні ел игілігіне табысталады. Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК демеушілігімен жаңадан «Достық үйінің» құрылысы басталды.

Өткен жылы алғаш рет мәдениет саласының мамандарына жаңадан көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 қызметтік пәтер табысталды. Симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді, жыраулық дәстүр өкілдерінің отауы – «Жыраулар үйі» ашылды.