Пәндік олимпиада жеңімпаздарына 14 білім гранты табысталды

Пәндік олимпиада жеңімпаздарына 14 білім гранты табысталды
Қызылордада жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау шарасы өтті.
Салтанатты шараға арнайы облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет қатысып, үздіктерді марапаттады.
💬Бүгінгі жеңімпаздар – ертеңгі облыс үміттері. Сіздерге артылар жүктің жауапкершілігін сезініп, алға қарай қадам басуда аймақ сенімін ақтайды деп ойлаймын. Алдағы қорытынды кезеңге сәттілік тілей отыра, оқудағы бастамаларыңыз оңынан болып, алар асуларыңыз мол болсын, - деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Облыстық кезең жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы 13 пән бойынша ұйымдастырылып, 426 оқушы білімдерін сынады.
Үздік деп танылған 223 оқушы бүгінгі шарада облыстық білім басқармасының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Сонымен, 39 оқушы І орын - Алтын медаль иегерлері атанса, 69 оқушы ІІ орын – Күміс медальді иеленді, ал ІІІ орын – Қола медальді 115 оқушы иеленді. Сонымен қатар олимпиаданың Алтын медаль иегері атанған 14 бітіруші түлекке Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма мүшесі- академиялық мәселелер жөніндегі проректор Дана Абдрашева тапсырды.
Білім бәсекесіндегі үздік командалар марапатталып, арнайы номинация иегерлері де анықталды. Олардың қатарында І дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда - 2023» - №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты, ІІ дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда - 2023» - №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты, ІІІ дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда - 2023» - Қызылорда қаласы лайық деп танылды. Сондай-ақ, ең үздік аудан номинациясымен 12 ұпай жинаған – Арал ауданы марапатталса, Н.Крупская атындағы №14, №277 мектеп-лицейі ең үздік қала мектебі номинациясына ие болды. Ал олимпиаданың жұлдызы номинациясы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Бақытов Арман Еркінұлына бұйырды.