Қала жаңа құрылыстармен көркейеді

Қала жаңа құрылыстармен көркейеді

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласында салынып жатқан нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарын бақылады.

Аймақ басшысы Әли Мүсілімов атындағы № 101 мектеп-лицейі жанындағы қосымша ғимарат құрылысымен танысты. Негізі 600 орындық мектепте қазіргі таңда 2275 оқушы білім алуда. Сондықтан білім ордасының аумағын кеңейту мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, қараша айында қосымша 375 орындық ғимараттың құрылысы басталған еді. Келесі оқу жылына қарай мектептің жаңа корпусы оқушыларды қабылдауға дайын болады.

Облыс әкімі мектеп оқушыларының ыстық тамақпен қамтылуын көріп, балалар тағамдарының дәмді әрі құнарлы болуын қадағалауды тапсырды. Айта кетейік, биыл мемлекеттік мектептердің 1-4 сынып оқушылары 100% тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл мүмкіндік облыстағы мемлекеттік білім беру ордаларындағы 70 863 бастауыш сынып оқушыларына беріліп отыр. Әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасында тәрбиеленетін 5-11 сыныптағы 17 382 оқушы да тегін тамақтанады.