Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Бұл басқосуда ел дамуының маңызды бағыттары, қоғамды толғандыратын өзекті мәселелер және болашаққа арналған стратегиялық жоспарлар талқыланды.
Президент өз сөзінде еліміздің басты басымдықтарының бірі – білім, ғылым және жоғары технология салалары екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы:
«Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет.
Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргі тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді.
Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтындай «тұсаукесер рәсімдері» мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет.
Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс.
Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек».
