Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, қала әкімі Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралады. Облыстық мәслихат төрағасы да жұмыс барысымен танысты.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында құрылысы жүргізіліп жатқан білім нысандары тексерілді.
Солардың бірі – СПМК-70 шағын ауданында бой көтерген 1500 орындық заманауи мектеп. Бас мердігер «Integra Construction KZ» ЖШС. Құрылыс алаңында 150 инженер мен техникалық маман еңбек етуде.
Арай шағын ауданында 1500 орындық тағы бір мектептің құрылысы жүргізілуде. Бас мердігер – «АБУ-СЕР» серіктестігі. Нысанда сыртқы әрлеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталған, ғимарат ішінде әрлеу мен инженерлік жүйелерді орнату жұмыстары жалғасуда. Құрылысқа 191 адам тартылған.
Қызылжарма шағын ауданында «Асар» серіктестігі 600 орындық жаңа мектептің құрылысын жүргізуде. Қазіргі таңда ғимараттың шатыры мен терезелері орнатылып, сыртқы қасбетін әрлеу, бөлмелерді өңдеу, сондай-ақ су, электр және жылу жүйелерін тарту жұмыстары жалғасуда. Құрылыс алаңында 147 жұмысшы еңбек етуде.