Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын ваучерлік қаржыландыру жүйесі осы жылдың соңына дейін енгізіледі

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын ваучерлік қаржыландыру жүйесі осы жылдың соңына дейін енгізіледі
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектепке дейінгі білім беру саласында қолжетімділікті, қызмет сапасын және ашықтықты арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуде.
 2024 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылды. Бүгінгі күні бұл жоба облыстық маңызы бар 15 қалада және еліміздің екі өңіріндегі 5 ауданда жүзеге асырылуда.
 Маусым-шілде айларында бұл жобаға Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Алматы қалалары қосылады. Ал 2025 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық мектепке дейінгі ұйымдар осы жүйеге енгізіледі.
 Айта кетейік, ваучерлік қаржыландыру жүйесі белгіленген талаптарға сай келетін және бос орындары бар мектепке дейінгі ұйымдарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
 Ата-аналарға балабақшаны өз қалауы бойынша таңдау мүмкіндігі берілген, бұл жекеменшік қана емес, мемлекеттік балабақшалар арасында да салауатты бәсекелестікті қалыптастырады.
 Жүйе ең алдымен қаржыландыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін басты шартты қамтиды – «ақша балаға беріледі». Қаражат ата-аналар баланың қатысу табеліндегі деректерді растағаннан кейін ғана аударылады.