Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге шекті баға енгізілді

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге шекті баға енгізілді

Өткен жылы басталған пандемия мен облыста орын алған су тапшылығы көптеген азық-түліктің қымбаттауына алып келді. Сондай-ақ құс тұмауының салдарынан жұмыртқа бағасы да шарықтап, құс шаруашылықтарының күйін қашырды. Күнбағыс майы мен қант бағасының өсуі елімізде осы өнімдердің шикізат көлемдерінің жеткіліксіз болуынан және импорттық шикізаттың қымбат бағада келуінен орын алуда. Қарақұмық жармасының қымбаттауы, негізгі өнім өндіруші солтүстік өнірлерде өңімділік төмен болуынан, сондай-ақ көршілес Ресейде де өнім бітік шықпады. Картоп, сәбіз, қырыққабат бағасының өсімі маусымаралық кезеңге және өткен жылғы қордың азаюына байланысты дейді мамандар. Рожки бағасының өсуі облыста астық өндірлмейтіндіктен, толығымен солтүстік астық өндіруші өнірлерге тәуелділіктен туындады.
Аймақ тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қолжетімді ету мақсатында бөлшек сауда бағаларының шекті мәндері бекіту бойынша облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды. Үстіміздегі жылдың І-тоқсанына бекітілген шекті мәннен 2 өнімнің (тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы) бөлшек сауда бағасы 15%-дан жоғарылаған. Осыған сәйкес 15 наурыз күні комиссия отырысы өткізіліп С1 санатты тауық жұмыртқасына 430 теңге, күнбағыс майына 632 теңге мөлшерде шекті рұқсат етілген бағасын белгілеу жөнінде комиссия шешімі хабылданды. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің қаулысын бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 2020 жылы 1 234,5 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1 433,9 тонна өнім сақталып сатылуда. Оның ішінде, бірінші сортты бидай ұны – 671,4 тонна, күріш –226,0 тонна, қант – 31,4 тонна, макарон – 85,0 тонна, қарақұмық жармасы – 22,0 тонна, тауық еті – 45,7 тонна, сүт – 26,0 тонна, сәбіз – 65,3 тонна, қырыққабат 10,5 тонна, жуа – 250,7 тонна.
Сонымен қатар, айналым схемасы бойынша жұмыстар жүргізіліп, 4 кәсіпкерлік субъектісіне 500 млн. теңге бөлінді. Атап айтар болсақ, «Раманов и Ко» ЖШС-не 310 млн. теңге бөлінді. Аталған серіктестік бұл қаржыға ірі көлемде І-ші сортты ұн мен басқа да 19 түрлі әлеуметтік азық-түлікпен қамтамасыз етпек. Ал, «Оразбердин Т.» ЖК-не 100 млн. теңгеге сиыр еті, картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат өнімдерін қолжетімді бағамен жеткізу жүктелді. «Retail A-A» ЖШС 50 млн. теңгеге сиыр етінен басқа 18 әлеуметтік азық-түлікті, "Омарова" ЖК 40 млн. теңгеге С1 санатты тауық жұмыртқасын облысқа арзан бағамен тасымалдайды.
Бүгінгі күні тұрақтандыру қорының өнімдері мен заем берілген 4 кәсіпкерлік субъектісі арқылы алынып жатқан өнімдер Қызылорда қаласында орналасқан 29 әлеуметтік дүкен мен 1 әлеуметтік маркетте және Қызылорда қаласының 5 ірі супермаркеттерінде («Мирас», «Аль-Асад», «Ажар» «Анвар», «Қызылорда Оптомаркет») келісім бойынша ашылған әлеуметтік бұрыштарда сатылуда. Нәтижесінде бүгінгі күнге облыста жағдай тұрақты, сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, азық-түлік өнімдерінің тапшылығы байқалмайды.
Бүгінгі күнге Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан Жергілікті атқарушы және ораталық атқарушы органдарға берілген тапсырмасына сәйкес Нарықтық тетіктер негізінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөнінде шаралар кешені жөнінде жол картасы әзірленіп күнделікті түрде тиісті шаралар қабылдануда.
Қаулы күшіне енгенде осы өнімдерге бөлшек сауда бағалары бекітілген шекті рұқсат етілген мөлшерінен артқан жағдайда 100 АЕК айыппұл салынуы қаралған.
Қызылорда қаласы мен 7 аудан бойынша 238 кәсіпкерлік субъектілерімен, оның ішінде 136 өндіруші кәсіпорны мен 102 сауда кәсіпорындарымен негізсіз баға көтермеу пәніне меморандумдарға қол қойылып, баға тұрақтандыру бағытында біріккен шаралар қабылдануда.