Еуропалық кәсіпкерлер Сыр күрішіне қызығушылық танытып отыр

Еуропалық кәсіпкерлер Сыр күрішіне қызығушылық танытып отыр

Сыр елінің басты бренді саналатын ақмаржанға Еуропа елдерінің кәсіпкерлері қызығушылық танытуда. Бүгінгі күні Қызылорда өңірі шет елдермен бірлескен жұмыстарды іске асыруда. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Шахмардан Қойшыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда шамамен 120-150 компания келісім-шарт жасасуға ниет білдірген.
Бүгінде Қызылорда облысы мен Франция ынтымақтастық бағытта жұмыс істеу үшін бірлескен келісімдер жүргізуде. Яғни француздық кәсіпкерлер күріш өндіруші кәсіпорындарымен, облыста өндірілетін күріш сорттары бойынша екіжақты жұмыс істеуге мүдделі. Демек, алдағы кезеңде Сыр елінен Франция еліне күріш экспорттау жоспарлануда.
Айта кетейік, Қызылорда облысындағы тамақ өнеркәсібінің негізі күріш өңдеуге байланысты. Бүгінгі күні жаңа технологияларды қолдана отырып, астық қайта өңделуде. Облыста 76 күріш ақтау зауыты жұмыс жасайды, оның ішінде 47 ірі және 29 шағын. Зауыттардың 20-сі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Бүгінгі таңда, облыстағы барлық күріш өңдеу кәсіпорындарының жылдық қуаттылығы 523,4 мың тоннаны құрайды.
Еске салайық, өткен жылы 92,9 мың тонна күріш өнімі экспортталған.