«ЖАСА АГРО» бау-бақша орталығы ашылды

«ЖАСА АГРО» бау-бақша орталығы ашылды

Қызылордалық Самалбек Қосанов «ЖАСА АГРО» бау-бақша орталығын ашты. Бұл – облыста көкөніс-бақша дақылдарының тұқымын сататын арнайы алғашқы орталық.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандитаты С.Қосанов жыл сайын орын алатын су тапшылығын ескеріп, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық берген. Ол үшін суды аз қажет ететін ақ егіс дақылдарын (арпа, бидай, сұлы, күріш, жүгері т.б.) егумен қатар, көкөніс-бақша дақылдарының көлемін ұлғайту қажет деп тапқан.
Осы уақытқа дейін көкөніс-бақша дақылдарын егумен айналысатын облыс диқаншылары сапалы бау-бақша тұқымдары мен көшеттерін көршілес облыстардан алуға мәжбүр болатын.
Ал жуырда ашылған «ЖАСА АГРО» бау-бақша орталығы арнайы сертификатталған, сапалы, көкөніс-бақша дақылдарының элиталық тұқымдарымен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін толықтай қамтамасыз ете алады.
Бұдан бөлек,тамшылатып суару кезінде пайдаланылатын құрылғылар, тыңайтқыш топырақтар, жылыжай шаруашылығына арналған заттар да осы орталықтың сөресінен табылады.
Бұған дейін өңір дихандарына бау-бақша өнімдері үшін субсидия төленбесе, бүгінгі күні облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен кәсіпкерлік палатасының ұсыныстары негізінде 2019 жылдан бері аймақ тұрғындары жеміс-жидек, бау-бақша өсіргені үшін мемлекеттік қолдау ала бастады.