Қызылордада құлпынай өсіреді

Қызылордада құлпынай өсіреді

Қызылорда қаласында құлпынай өсіріледі. «Болашақ» университетінің ғалымдары оны оқу орнының жылыжайында өсіріп келеді. Төрт блокты жылыжайдың бір блогы осынау сұлулық пен жастық жемісіне арналған. Оның ішінде «Қысқы хош иіс» деген түрі құлпырып тұр. Далада қыс болса да мұрныңа жаздың иісі келеді. Бұл туралы «Сыр бойы» газетінің тілшісі Назерке Саниязова хабарлады.
Ғалымдар құлпынай өсірудің әдеттегідей агротехникалық емес, голландиялық тәсілін тиімді деп тауыпты. Әбден шіріген көң аралас топырағы бар жерге алдымен жіңішке пластикалық түтік жүргізді. Үстіне қара пленка тартып, белгілі бір аралықта дөңгелетіп ойылған орынға көшеттер егілді. Пленка арамшөпті қаулатпай, ылғалды сақтап, жидектің таза күйінде пісіп-жетілуіне көмектеседі. Ал оның қара түсті болуы жылу мен жарықты көптеп сіңіруге жол ашады.
– Біздің «құлпынай» деп жүргеніміз – бүлдіргеннің бір түрі. Отаны – Шығыс Азия. Құлпынайдың 300-ден аса түрі бар. Әйткенмен, осы түрі жиі кездеседі. Дәмі жөнінен ананасқа ұқсас,-дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Жанұзақов.
Ғалым бұрын өзі де құлпынай өсіргенін айтты. Оған соншалық ерекше күтімнің қажеті жоқ көрінеді. Тек тұқымды дұрыс таңдай білу, түбін әлсін-әлсін қопсыту керек. Ылғалсүйгіш өсімдік болғандықтан уақытылы суарып, арамшөптерден тазартып отыру аса маңызды. Құлпынай көшеттерін тамшылатып суарған тиімді. Аққан су далаға кетпейді, әрбір қоршалған көшеттің бойына барады.
Сұранысқа байланысты жылыжай аясын кеңейту көзделіп отыр. Ғалымдар қияр, қызанақ пен құлпынайдан басқа лимон, мандарин сияқты цитрусты жемістерді де өсіргісі келеді.