Қызылорда облысында экспорттық әлеуеті артып келеді

Қызылорда облысында экспорттық әлеуеті артып келеді

Өткен жылдың 10 айында облыстан 29,1 млн. долларды құрайтын 87,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері (күріш, балық өнімдері, бидай қалдығы, бидай ұны, сабан, мақсары майы, қауын және қарбыз) әлемнің 17 еліне экспортталған. Оның ішінде 96,2% өңделген өнім.
Барлық экспортталған өнімнің 89,5 пайызын құрайтын күріш өнімі Ресей, Қырғызстан, Белоруссия, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Түркмения және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілген. Шет елдерге 78,3 мың тонна күріш саудаланып, 2019 жылмен салыстырғанда 128,9 пайызға артып отыр.
Алғаш рет 2020 жылы облыстан Германия мемлекетіне 543,8 тонна қамыс және Өзбекстанға 136 тонна бидай ұны жеткізілді. Сондай-ақ, Қытай және Ауғанстан мемлекеттеріне 391,5 тонна мақсары майы экспортталды.
Мұнан бөлек, облыс бойынша Ресей мемлекетіне 1 270 тонна қарбыз, 137 тонна қауын, Өзбекстан мемлекетіне 30 бас түйе жөнелтілді.
Ауылшаруашылығы өнімдері экспортының артуына өткен жылғы аймақтағы егін шаруашылығының мол өнім алуы сеп болды. Облыс бойынша 184,2 мың гектар жерге егiс егілді. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 89,5 мың га болды. Күріштен барлығы 551 273 тонна өнім жиналып, әр гектарынан 61,8 центнерден рекордтық өнім алынды.
Өткен 2020 жылы облыстың шаруашылық құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы 5 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуды жоспарланса, жоспар артығымен орындалып, 6 млрд теңгеге 145 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.
Ауылшаруашылық саласына салынған инвестицияның да қатары артуда. 2020 жылы 1,8 млрд. теңгенің 14 жобасы іске қосылды. Оның ішінде ет бағытында (МІҚ өсіру) 10 жоба іске асырылды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында көкөніс сақтау қоймасы, Жалағаш ауданында 2 күріш өңдеу цехы, минералды тыңайтқыш өндіру кәсіпорны іске қосылды. Одан бөлек, агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 32,7 млрд. теңгені құрайтын 37 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Мал шаруашылығы саласын да ілгерілеушілік бар. Облыс бойынша 2020 жылдың 11 айында344,5 мың бас мүйізді ірі қара, 747 мың бас қой мен ешкі, 1,9 мың бас шошқа, 151,9 мың бас жылқы, 52,4 мың бас түйе және 122,3 мың бас құс тіркелген. Мал басын 2019 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 4,3%-ға, қой мен ешкі-8,4%-ға, жылқы 10,5%-ға, түйе 5,4%-ға, құс 1,6 %-ға көбейген.