Бүгінгі күннің басты ерекшелігі жыл бастуында. Амал мерекесін тойлап жатқан аралдықтардың осы сәтті асыға күткені анық. Наурызнама онкүндігі аясындағы бағдарламар түс ауа дәстүрлі жыршылар шоғырымен, салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдарымен өз жалғасын тапты.
Атап өтсек, «Наурыз-думан» атты дәстүрлі әншілердің мерекелік концерті, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік кеш ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қазақтың бай мәдениеті мен салт-дәстүріне кеңінен саяхат жасау мақсатында «Беташар» салт-дәстүрінің қойылымы өтті. Мұнымен қоса ұлттық спорт түрі – тоғызқұмалақ ойынынан сайыс болды. Бұл шараға атсалысқан қатысушылар мен жанкүйерлер ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп, ойынды қызықты әрі тартысты етті.
«Жаңа жылмен көрісу», «Құрсақ той» сынды қойылымдар ерекше маңызға ие болса, қазақ халқының тарихынан сыр шертетін жәдігерлер өткен дәуірдің мәдениеті мен салт-дәстүрлерімен терең танысуға жол ашқандай.
Жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлаған мерекелік шаралар легі кешкілік Сексеуіл кенті, Қамыстыбас және Ақирек ауылдарынан келген өнерпаздардың арнайы концерттік бағдарламасымен түйінделді.
Айта кетейік, «Наурызнама» онкүндігіне негізделген дәстүрлі және рухани танымдық шаралар 23-наурызға дейін тұрақты түрде өткізілетін болады.
Ертең, яғни 15 наурыз - Қайырымдылық күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен бастау алып, салт-дәстүр, ізгілік ұстанымдармен ұштасатын түрлі тақырыптағы қойылымдарға, мерекелік концерттерге ұласады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі