Бүгін халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан игі дәстүрі, елдің бірлігі мен татулығын арттыратын ерекше мереке «Көрісу» күнінде аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ауданның абыз ақсақалы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы, ардагер-журналист Шәкірат Дәрмағамбетовтың шаңырағына барып, қазыналы қартты мерекесімен құттықтап, ерекше сый-құрмет көрсетті.
Ұлттық болмысымыздың, дархан пейіліміздің айқын көрінісіне айналған жылы жүздесуде абыз кеуде қарт аудан дамуындағы көрсеткіштерге оң бағасын беріп, құттықтай келген азаматтарға ризашылығын жеткізді.
Халқымыз қашанда амандықты, ағайынмен араласуды, ауызбіршілікті басты құндылық санаған. Сол құндылықты басты орынға қоятын ардагер журналист ат арқасында жүрген азаматтарға алғаусыз тілегін жеткізіп, ақ батасын берді.