Әйелдер қауымы мерекелік құрметке бөленді

Әйелдер қауымы мерекелік құрметке бөленді

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев аудандық көпсалалы колледжі мен индустриалды техникалық колледжіне арнайы барып, білім беру саласында еңбек етіп жүрген әйелдер қауымын мерекемен құттықтады.

Салтанатты шара барысында Нұрмұхамет Омарұлы нәзік жандыларға ақжарма тілегін арнап, олардың қоғамдағы, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесіндегі елеулі рөліне тоқталды.

«Сіздер – отбасының берекесі, ұрпақтың тәрбиешісі, қоғамның алтын діңгегісіздер. Ұстаздық жол – ұлы жол. Жастарға білім мен тәрбие беріп, олардың болашағына бағыт-бағдар сілтеп келе жатқан еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық. Ауданымыздың дамуы мен өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін» – деді аудан әкімінің орынбасары.

Айтулы мереке аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, жас буынның білім мен тәрбие алуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар әйел азаматшаларға арнайы марапат табысталып, құрмет көрсетілді.

Жиын соңында нәзік жандыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында әсем әндер шырқалып, шара әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасты.