Бүгін Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай, «Ғасырлар толқынының дарабоздары» шарасының аясында Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде «Әлем таныған Әбе» салтанатының ашылуы өтті. Қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақстандықтардың шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада танытуға арнаған қайраткер Ә.Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы туралы жүргізушілер жан-жақты мәлімет беріп, балықшы қауымның бір күндік өмірін қамтыған «Теңіз өмір арнасы» атты қойылым қойылды.
Әбенің шығармашылық үйінің ауыласына да балықшы өмірінен сыр шертетін түрлі дүниелер қойылған. Көшпелі қос, аудан кәсіпкерінің туындысы саналатын пластик қайықтар, балықшыға қажетті түрлі құрал-жабдықтар көпшілік назарына ұсынылған.
Әбе өмірі мен рухани болмысына негізделген шарада облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов сөз сөйлеп, аймақ басшысының ыстық ықыласын жеткізді.
– Қадірлі ағайын, құрметті қонақтар, ардақты аралдықтар! Саналы ғұмырының соңына дейін ақ қағазбен дос болып, арымен серттескен, туған жерінің талайлы тағдырына алаңдап, тұтас дәуірдің жүгін арқалай білген алып тұлға,артына көл-көсір мұра қалдырған Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке биыл 100 жыл. Нақтысы 22 қазанда қазақ Әбе деп құрметтеп, төбесіне көтерген тау тұлға 100 жасқа толды.
Бүгін өздеріңізбен бірге қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар халық жазушысы, аса көрнекті қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлт намысын ұран тұтқан ерен тұлғаның 100 жылдығына арналған «Әлем таныған Әбе» атты шараның салтанатты ашылу рәсімінде жүздесіп отырғаныма қуаныштымын! Абыз жазушы Әбдіжәміл Кәрімұлы қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын ұлтымыздың рухани кемелденуіне және қазақстандықтардың шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада танытуға арнаған қайраткер. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Мерейтой құтты болсын ағайын! - деді облыс әкімінің орынбасары.
Шын мәнінде сөз өнерінің әкесі болған Әбеңнің рухына жасалып жатқан құрмет – ұрпақтың рухани қазынасын молайта түсудің бір жолы. Қорыта келсек, «Қазақ әдебиетінің қара нары» Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жас мерейтойы, бүкіл қазақ халқының, қала берді қазақ әдебиетінің тойы.
Ұлысқа игілік болатын игі ізін қалдырып, ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайында кеңінен танысу мақсатында қонақтар Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне экскурсия жасады.
Мұнда Әбе болмысын аша түсетін рухани құнды қазыналар жинақталған. Түрлі тарихи суреттер мен қолжазбалар, Әбенің өзі тұтынған заттары мен сан алуан экспонаттар жиынтығы және классик жазушының өз қолымен қайта өңдеген кітабы қонақтарға ең құнды жәдігер ретінде таныстырылды.
Зиалы қауым өкілдері шығармашылықтың қара шаңырағында өз естеліктерімен бөлісіп, арнайы қолжазба кітапқа қолтаңба ретінде естелік қалдырды.
Әбенің 100 жылдық мерейтойына қатысты шаралар одан әрі жалғасын табатын болады.