Теңіздей толқыған қаламгер

Теңіздей толқыған қаламгер
Биыл қазақ әдебиетінің абызы, Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері, теңізді өлкенің төл перзенті – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туылғанына 100 жыл.
Осыған орай аудандық мәдениет үйінде «Теңіздей толқыған қаламгер» атты мерекелік кеш өтті.
Аталмыш шара жазушының «Соңғы парыз» романының желісімен сомдалған қойылыммен басталды.
Белгілі жазушының 100 жылдығына орай өткізілген кеште аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов:-« Қазақ әдебиетінің қара нары атанып, қара сөзбен талай жүректердің қылын тербеген қоғам қайраткерінің ұлттық әдебиетті дамытудағы еңбегі ерен. XX ғасырда қазақ әдебиетіне мол үлес қосқан суреткер – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытып, әлем әдебиетшілерінің үздік бағасын алды.
Қазақ қаламгерлері «Әбе» деп ерекше құрметтейтін, ғұмыр бойы «Әдебиет – ардың ісі» деген ұстаныммен өмір сүрген Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдеби туындылары туған халқымен бірге жасай бермек. Биыл ауданымызда белігілі жазушының 100 жылдығына арналған ауқымды шаралар ұйымдастырылатын болады» - деді.
Мұнымен бірге көркемсөз шеберлері арнау өлеңдерін нақышына келтіре орындаса, аудан өнерпаздары жазушының туған жері туралы әндерді орындады.