Мәжілісте маңызды мәселелер қаралды

Мәжілісте маңызды мәселелер қаралды
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өткізілді.
Күн тәртібінде ауданда салық базасын ұлғайту, бюджеттің игерілуі және көктемгі әскерге шақыру жұмыстары қаралды.
Алдымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Т. Рашевтің салық базасын ұлғайту және бюджеттің игерілуі туралы хабарламасы тыңдалды.
2024 жылдың 3 айының қорытындысымен салық түсімдері107,5 пайызға орындалған.
Одан соң Арал ауданы бойынша кірістер басқармасының басшысы Е. Әбдікеров салық түсімдері жөнінде баяндады. Хабарламашы кент және ауылдық округтердегі көлік салығы және бұдан өзге де қордаланған салық түсімдерінің уақытылы төленуі қажеттігін айтты.
Мәжіліс барысында аудан басшысы кіріс көзін дұрыс жоспарламаған ауылдық округ әкімдерін сынға алды. Сондай-ақ, жауапты бөлім басшыларына жеке кәсіпкерлердің табыс мөлшерін толық көрсетуін, мемлекет грант иелерІнің табыс салығын төлеуін қадағалауды тапсырды. Осы тұста алдағы уақытта қайтарымсыз гранттардың өміршең жобаларға берілуін бақылау, құрылыс нысандарында мердігер мекемелердің жұмысшыларға еңбекақысының заңдылықтарға сәйкес берілуін бақылау жауапты сала басшыларына жүктелді.
Мұнан кейін көктемгі мерзімді әскерге шақыру жұмыстары бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы С. Саянов баяндады.
Баяндама барысында түрлі себептерге байланысты жастарды әскерге аттандыру көрсеткіштері төмен ауылдық округтерді атап өтті.
Хабарламашыдан кейін сөз алған аудан әкімі қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы мен ауылдық округ әкімдеріне әскерге шақыру жұмыстарын күшейтуді ескертті. Сонымен қатар, әскерге барушыларды медициналық тексерістен өткізетін дәрігерлердің толық құрамда әрі сапалы жұмыс жасауын қадағалау, әскери-патриоттық бағыттағы ақпараттарды насихаттау тиісті сала басшыларына тапсырылды.
Аппарат мәжілісінде талқыланған екі мәселе бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалау аудан әкімінің жауапты орынбасарларына жүктелді.