Аудан әкімі сыр беттегі халықтың жағдайымен танысты

Аудан әкімі сыр беттегі халықтың жағдайымен танысты
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев тиісті сала басшыларымен бірге бірқатар елді мекендерді аралап, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Сапарын алдымен Аманөткел ауылынан бастаған аудан басшысы елдімекендегі № 73 орта мектебі мен интернатында болды. Бүгінде мектепте жанындағы интернатта 31 оқушы тұрақты білім алуда.
Одан әрі, «Зере» жеке балабақшасы мен «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында салынған дене шынықтыру - сауықтыру кешеніне барды. 2019 жылы пайдалануға берілген бөбекжайда бүгінде 75 ауыл бүлдіршіні білім алып, тәрбиеленуде. Ал, өткен жылы ел игілігіне табысталған спорт кешенінде 5 үйірме жасөспірімдердің түрлі секцияларда спорт түрлерін меңгеруіне жұмыс жасауда.
Ауылды аралап өткен аудан басшысы одан әрі Н.Кенжеғұлұлының кесенісімен және жаңадан салынатын 150 орындыққа арналған жаңа клубтың жер телімімен танысты.
Мұнан соң Аманөткел елді мекенінің тұсындағы «Ырысты» каналы мен Аспай су ағытқысы арасындағы ескі арнаның жай-күйін бақылады. Үстіміздегі жылы Аспай су ағытқысы жанындағы Ескі арнаның жырылып кеткен бөлігін қалпына келтіру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қайта бөгеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Аудан басшысы елді мекендегі ауылдық мәдениет үйінде ауыл ардагерлерімен жүздесті. Жергілікті халықтың тұрмысы көш ілгері, ілкімді істерге толы екендігін жеткізген ауыл үлкендері қазірде ауылдағы қордаланған мәселелерді де ортаға салды. Тиісінше аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешуге жұмыс жасайтындығын жеткізді. Осылайша жергілікті жердегі атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайлы пікір алмасқан қазыналы қарттар аудан әкіміне сәттілік тілеп, баталарын берді.
Сапар аясында аудан әкімі «Хан» қалқымалы көпірінің жағдайын бағамдап өтті. «Хан» елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді қайта жаңғырту жұмыстары 2022 жылы бастау алып, қазіргі таңда, жобаға қайта түзетулер жасалуына байланысты мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Жол мәселесі толық шешілген. Қалқымалы көпір мердігер мекеме есебінен құрылыс жұмыстары 80-85 пайызға аяқталған.
Іс сапар Аманөткел ауылдық округіне қарасты Аққұлақ ауылында жалғасты. Мұнда аудан әкімі «Аққұлақ елді мекеніне кіреберіс» автомобиль жолына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысын көрді. Сонымен қатар, № 76 негізгі мектебіне барып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Бөген ауылдық округінде жалғасқан жұмыс сапары барысында «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру» жобасы аясында қайта қазылып, арнасы кеңейтілген «Сарытерең» каналымен танысты. Сарытерең каналының жалпы ұзындығы 6 шақырымды, ені 15 метр, тереңдігі 3 метрді құрайды. 2022 жылы «Қазсушар» РМК мекемесі тарапынан Сарытерең каналын қазу арқылы Кіші Арал теңізіне су түсіру жұмыстары жүргізіліп, 6 шақырым жеріне тазалау жұмыстары жүргізілді. Мұнымен қоса, Сарытерең көлінен бастап теңізге қарай 3 шақырым жаңа канал қазылып, Кіші Арал теңізіне су жіберуге мүмкіндік жасалды.
Одан әрі аудан басшысы елдімекендегі жаңа жыл қарсаңында табысталған жаңа дәрігерлік амбулатория мен «Айбұрым» жеке балабақшасының бүгінгі тынысына қанықты. 2023 жылы типтік жобада салынған дәрігерлік нысан ЭКГ аппараты, қант, холестерин тексеру, тіс жұлу, оны емдеу аппараттары және медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылып, жергілікті тұрғындардың уақытылы ем-домын алуына мүмкіндік сыйлады.
З. Шүкіров атындағы №20 мектебінде өткен халықпен кездесуде аудан әкімі ауылдағы өзі көріп өткен өзекті мәселелерді кеңінен талдап, тиімді жұмыстарды жүзеге асыру бағытында ұсыныстарын тыңдады.
Сонымен қатар, Қарашалаң елдімекеніне барып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен және тұрғындардың хал-жағдайымен таныс болды. Жұмыс сапары Қаратерең ауылдық округінде тәмамдалды. Онда «Құйылыс қорғаныс» бөгетінің ағымдағы жағдайын көріп, ауылдағы дәрігерлік амбулатория, № 82 орта мектебін аралап, ауыл халқымен жүздесті.
Айта кетейік, іс сапар барысында Аманжол Сақыпұлы елдімекендердегі тұрғындарды жекелеген мәселелері бойынша қабылдап, келген азаматтардың мәселелерін шешу бағытында жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.