Мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіздік айбары

Мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіздік айбары
Бүгін айдын Арал өңірінде Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздік белгісі» атты патриоттық акция ұйымдастырылды.
Рәміздер алаңында өткен мерекелік іс-шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері мен белсенді жастар мен тұрғындар қатысты.
Мерекелік салтанат Әнұранмен басталды.Рәміздер алаңында өткен іс-шарада аудан әкімі Серік Сермағамбетов аралдықтарды құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
«Баршаңызды ел тарихындағы айтулы мерекелердің бірі – Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет мәртебесін айқындайтын негізгі құндылықтар мен ұстанымдар тарих толқынында шыңдалып, уақыт тезіне төтеп беретін дәрежеге көтерілу арқылы қалыптасатыны белгілі. Бұл ретте мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Гимн бір сәтте ғайыптан пайда болмай, сан ғасырларлық ұлттық құндылықтар мен терең тарихымызға негізделіп бекіді. Олар – мемлекеттің кешегісін, бүгінін және ертеңін көрсетететін айшыққа айналды.
Тәуелсіздік төсбелгісіне айналған рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбіріміз үшін қасиетті борыш. Тәуелсіздігіміздің айбары саналатын Мемлекеттік Рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін!»,- деп, мемлекеттік нышандардың Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы екенін жеткізді.
Патриоттық іс-шара аясында мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас мамандар салтанатты түрде ант қабылдады.
Сондай-ақ, жиында аудан әкімі зиялы қауыммен бірге "Жас ұлан" ұйымының қатарына қабылданған оқушыларға арнайы галстук тағып, қадамына сәттілік тіледі.
Салтанатты жиын спорт саңлақтарының жаяу жүргіншілер марафоны мен авто және мотошеруіне ұласты. Рәміздер күні аясында ұйымдастырылған шеруде қолдарына мемлекеттік ту ұстаған жастар қала көшелерін аралап, мерекеге көрік берді.