Аудан әкімі Жіңішкеқұм, Қарақұм және Атанши ауылдық округі халқымен жүздесті

Аудан әкімі Жіңішкеқұм, Қарақұм және Атанши ауылдық округі халқымен жүздесті
Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың халықпен кездесуі бүгін Жіңішкеқұм, Қарақұм және Атанши ауылдық округтерінде жалғасты.
Аудан басшысының сапары алдымен Жіңішкеқұм ауылдық округінде басталды. Тұрғындармен кездесу жаңадан қайта салынып жатқан № 248 орта мектебінің ғимаратының құрылысы жанында өтті. Кездесу барысында ауыл халқы нысанның қашан пайдалануға берелітіндігі туралы алаңдаушылықтарын жасырмады. Аудан әкімі өз кезегінде бұл мектептің құрылысы облыс әкімінің тікелей назарында екенін, білім нысанын өз қаражатынан жүргізіп жатқан кәсіпкерге мектептің ғимаратын сапалы әрі уақытылы биылғы жаңа оқу жылына дейін аяқтау үшін жеделдету тапсырылғанын жеткізді. Айта кетейік, өткен жылы облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тікелей тапсырмасымен Тоқабай елдімекенінде орналасқан апатты жағдайдағы №248 орта мектепті мердігер есебінен бұзылып, қайта 100 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жұмыстары басталған еді. Қазіргі уақытта ғимараттың қабырғалары қаланып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Одан соң, тұрғындар су мәселесін де ортаға салды. Серік Сағитжанұлы бүгінде «Абай-Тоқабай» елдімекендерін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу үшін 2022 жылы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жоба-сметалық құжаттамаға қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, алдын ала есеп бойынша жоба құны 3,7 млрд.тан 7,1 млрд. теңгеге көбейіп, қайта жасақталғанын және бүгінгі таңда мемлекеттік сараптамада тұрғанын айтты. Дегенмен, ауыз су желісін жүргізу үшін өткен жылы 100 млн-ға жуық қаржыға жұмыстары басталып, 6,4 шақырымына қажетті құрал-жабдықтар алынғанын, бүгінде аталған жұмыстарды жалғастыру үшін биылға қаралған 864 млн. теңге қаржысына әзірге 26 шақырымды құрайтын яғни қоса алғанда 32 шақырымдық құрылыс жұмыстарын мердігер маусым айында жүргізетінін жеткізді. Оған қоса, Ерімбетжаға тұсынан қосылу нүктесін қалдырып, жобасы жасалатынын да атап өтті. Жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландыруда.
Халықпен жүздесу одан әрі Ерімбетжаға елдімекенінде жалғасты. Мұнда аудан басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Ауданымызда үлкен жобалар басталуда. Қала ішінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санатындағы жандарға арнап 100 пәтерлі тұрғын үй салу жұмыстарын бастап жатырмыз. Жұмыстардың көп бөлігі жол саласында жүргізілуде. Бюджет қаражатының 65 пайызы инфрақұрылымдық жүйелерге арналған. Қаланың сырт аумағындағы ауыз су тарту, электр желілерін және газ тарту жұмыстарын жүргізіп, жеке тұрғын үй салушыларға жер телімдерін дайындап жатырмыз. Биылдың өзінде 1190 адамға тұрғын үй құрылысы үшін жер табыстаймыз. Оған қоса, қосымша алынған қаржыға сәйкес қаладағы № 8 мөлтек ауданы мен Жақсықылыш кентінде де аталған жұмыстар жүргізілетін болады. Электр желісі өте күрделі мәселенің бірі. Өңірдің 80 пайызға жуық электр желісінің тозығы жеткен. Дегенмен, біз бірінші кезекте жаңғыртуды қажет ететін 6 елдімекенді іріктеп, оның ішіне Қарақұм елдімекенін де қосып, жобасын ұсындық. Қаржыландыру үшін тиісті жұмыстар жасалынуда. Жол саласында биыл 7 млрд.қа жуық қаржыға 30-дан астам жоба жүзеге асуда. Оның екеуі келесі жылға өтпелі. Қалғанының барлығы биыл аяқталатын болады. Оның ішінде «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» бағытындағы қалған 6,5 шақырым бөлігін толық аяқтау үшін жоба-сметалық құжатын жасап, облыс басшысының қолдауымен қаржысы биыл бөлінбек. Ерімбетжаға елдімекенін аудандық маңызы бар жолдардың ішіне енгіздік. Алдағы уақытта ауылға кіретін 18 шақырымға жол салу үшін жоба-сметалық құжатын жасайтын боламыз. Оған қоса, бұл жұмыстар «Көкарал-Қаратерең», «Шөмішкөл-Бекарыстан би» бағытындағы жолдарғада жүргізілмек. Ауыз су Абай бағытына қарай жақын күндері басталады. Биыл Ақбасты, Көктем елдімекендерін ауыз су желісіне қоссақ, орталықтандырылған су жүйесіне қосылмайтын Құланды және Тастүбек ауылдарына су тұщытатын қондырғы орнатамыз. Жарықтандыру жұмыстарына байланысты, ауылдағы көшелерді жарықтандыру үшін аудандық бюджеттен қаржы қаралған. Мердігері анықталса, маусым айында жұмыстары жүгізілетін болады. Жалпы біздің аудан облыста бюджет көлемі бойынша Қызылорда қаласынан кейін екінші орында. Бюджет бүгінде 18,5 млрд.жуық қаржыны құрап отыр. Әлеуметтік салаларға да баса мән берілуде. Биыл 2 дәрігерлік амбулаторияның және «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 2 мектептің құрылысын бастайтын боламыз»- деп, аудан әкімі өңірдегі жаңа бастамаларды баяндады.
Ауыл тұрғындары барша игі істерге қолдау білдіріп, ақсақалдар ақ батасын берді.
Аудан басшысының сапары Атанши ауылдық округінде тәмамдалды. Тұрғындармен кездесу «Еркесұлу» жеке бөбекжай балабақшасының жанында өтті. Серік Сағитжанұлы ауыл тұрғындарына алдағы жоспарлармен бөлісе отырып, жаңа балабақшаның бүгінгі тынысымен танысты.
Елдімекендерде тұрғындармен кездесуде аудан әкімі кәсіп бастаймын деген азаматтарға тиісті қолдаулар мен қажетті сүйемелдеу жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді.