Іссапар: аудан әкімі шалғай орналасқан ауыл халқымен кездесті

Іссапар: аудан әкімі шалғай орналасқан ауыл халқымен кездесті
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Құланды, Беларан ауылдық округтеріне барып, тұрғындармен кездесті.
Аудан басшысы алдымен Құланды ауылдық округінде болып, елдімекенде жүргізіліп жатқан ауыз су желісінің құрылыс жұмыстарын бағамдады.
Қазіргі таңда, Құланды ауылдық округіне қарасты Ақбасты елді мекеніне ауыз су құбыры тартылуда. Өтпелі негізде жүзеге асырылатын жоба арқылы ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылатын болады. Мердігер «Сапа Құрылыс» мекемесі.
Ауыл халқымен өткен кездесуде аудан басшысы теңізді өлкедегі жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде тоқталып өтті.
«Өңірімізде атқарылып жатқан игі істердің нәтижесінде биылғы жылдың І тоқсанының өзінде ауданға 3,4 млрд теңге инвестиция тартылып, ауданның биылғы жылғы нақтыланған бюджеті 18,4 млрд теңгені құрап отыр. Биыл жол саласы мен электр желісінің құрылысына баса мән беріліп, ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Су мәселесі де күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Бүгінде өздеріңіздің ауылдарыңызда ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекемеге осы жылы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету үшін жұмыстарды мерзімінде талапқа сай бітіруді тапсырдым. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Оған қоса, Көктем елдімекенін де биыл су жүйесін іске қосатын болсақ, жақын арада бұл жұмыстар Тоқабай, Абай ауылдарында да бастау алмақ. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Сазды елдімекенін тұщытатын қоршауланған ауыз су жүйесіне қосу үшін жұмыстар жүргізіліп жатса, Ерімбетжаға елдімекенін сумен қамтамасыз ету үшін жоба сметалық құжаттары әзірленуде»-деді, Серік Сағитжанұлы.
Тұрғындар да өз тарапынан жергілікті жердегі шешімін табуды қажет ететін өзекті деген мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Көкарал бөгеті тұсынан Ақбасты елдімекеніне дейін жол салу мәселесін айтты. Аудан басшысы, бірінші кезекте өткен жылы бастау алған жол құрылыстары аяқталып, одан соң сметалық құжаттамалары дайындалған жобалар бойынша жұмыс жасалатындығын түсіндірді. Дегенмен, 60 шқ қашықтықты құрайтын аталған жолдың 30 шақырымына жол салу үшін биыл құжаттандыру жүргізіліп, келесі жылы сметалық құжаттары жасалатынын жеткізді.
Сапар одан әрі Беларан ауылдық округінде жалғасты. Аудан әкімі алдымен демеушілік есебінен құрылысы жүріп жатқан «Ұстаздар» аллеясының жұмысын көрді.
Беларандықтармен өткен кездесуде ауыл тұрғандары аяқ су мәселесін айтты. Аудан басшысы бүгінде «Жарас» су ұңғымасы арқылы аяқ су тарту жұмыстары үшін жоба сметалық құжаттары дайындалып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, елдімекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құны 21,2 млн. теңге болатын жобаны қаржыландыруға бюджеттік ұсыным берілгенін айтты.
Басқосуда Серік Сағитжанұлы «Ауыл Аманаты» бағдарламасының тиімділігіне тоқталып, аталмыш жоба арқылы түрлі кәсіп көзін бастауға болатынын жеткізді.
Сапар соңында аудан әкімі «Жарас» су ұңғымасына барып, аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін жұмыстармен танысты.