Аудан әкімі қала тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі қала тұрғындарымен кездесті
Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың қала, кент ауылдық округтерде 2022 жылдың қорытындысы бойынша халықпен кездесулері бүгін Арал қаласында түйінделді. Аудан әкімі қала тұрғындарымен кездесуде өткен жылы жеткен жетістіктерді айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Барыс жылы – Арал ауданы үшін берекелі, ырысты, табысқа толы жыл болды. Теңізді өлкеде жыл көлемінде ауқымды істер атқарылды. Нәтижесінде 7 макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім орын алып, Арал ауданы алдыңғы қатарды иеленді.
«Атқарылған табанды жұмыстардың нәтижесінде жыл ішінде ауданға тартылған инвестиция көлемі артты. 2022 жылы ауданға 16,7 млрд. теңгеге инвестиция тартылып, өсім 102,1 пайызды құрады. Салалық бөліністе инвестицияның 37 пайызы, яғни 4,5 млрд теңгесі өнеркәсіпке салынған.
Есепті жыл ішіндегі ауданның кірісі 5,1 млрд теңгеге жетіп, 105,0 пайызға артық орындалды. Оның ішінде өз түсімдеріміз 3,2 млрд теңгені құрады.
Аудандағы өнеркәсіп орындары 24,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 23,9 пайызға артты. Өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің 70,0 пайызы өңдеу саласына тиесілі. Есепті мерзімдегі өңдеу өнеркәсібінің өсімі 25,7 пайызға тау кен өндірісінің өсімі 38,4 пайызға жетті.
Жалпы жыл көлемінде атқарылған жұмыстар нәтижесімен қазір аудандар арасында үздіктер қатарындамыз. Бұл бірлесе атқарған жұмыстарымыздың және өздеріңіздің білдірген қолдауларыңыздың арқасы деп білемін»,- деді аудан әкімі.