«2022 жыл аудан халқы үшін ақ түйенің қарыны жарылған жыл болды. Себебі бұл жылы Ауданымыздың бас шаһары Арал қаласының 95 жылдығы, Арал өңірі балықшыларының VI слеті және Повольже халқына 14 вагон балық жөнелткен қайырымды істің 100 жыл толуына орай мәдени іс-шаралар өткіздік. Балықшылар қауымының басын қосқан үлкен мерекеде облыс әкімінің қолдауымен бой көтерген «Балықшылар аллеясы» ішінде «Балықшылар монументі» ашылды. Слет аясында балық шаруашылығының дамуына, ата кәсіптің өркендеуіне үлес қосқан үздіктерді өздеріңіздің қатысуларыңызбен марапаттадық. Айтулы мерекеде үш мәрте республикалық ат бәйгесі және республикалық ақындар айтысы мен жыршылар байқауы ұйымдастырылды.
Бас қаланың мерейтойына орай және «Балалар жылы» аясында 6 ойын алаңы кәсіпкерлеріміздің демеушілігімен іске қосылды. Аудан орталығында «Кәсіпкерлер үйі», «Миллион Плаза» және «Самғау» бизнес орталықтары бой көтерді. Ерекше атап өтетін жәйт, ауданымыздағы сауда, кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын жобаларды әзірлеуге жергілікті атымтай азаматтарымыз қолдауларын көрсетіп келеді. Жалпы бұл бағытта биылдың өзінде 1,5 миллардтан астам қаржы жұмсалынды.
Қадірлі ағайын! «Іргесі берік елді жау алмас, аузы бір елді дау алмас» деген бабалардан жеткен дана сөз бар. Берекелі бірлігіміз – толымды істеріміздің ұйытқысы болсын! Қоян жылы толағай табысы мен ырзық несібесін сыйлап, әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін»,-деді Серік Сағитжанұлы.
Жыл қорытындысына арналған салтанатты жиында сала озаттары мен түрлі номинация иегерлері марапатталды. Әр салада жемісті әрі ұзақ жылдар қызмет еткен 18 еңбек адамы жыл үздігі атанды. Сондай-ақ осы кеште ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алғысымен 8 адам, облыс әкімінің алғысымен 15 және аудан әкімінің алғысымен 18 адам марапат биігінен көрінді.