Мемлекеттік қызметшілердің мерекесі

Мемлекеттік қызметшілердің мерекесі

Бүгін мемлекеттік сенім мандатын арқалаған мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі.

Осыған орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі С. Сермағамбетов қатысып: -«Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» демекші, әрбір істі байыппен, шыдамдылықпен атқарып, ұлттық мүддені жоғары қою - басты міндетіміз. Сіздердің әр азаматтың мұң-мұқтажын мұқият тыңдап, оның тиімді әрі жылдам шешілуіне ықпал етудегі жұмыстарыңыз ерен. Күндіз-түні уақытпен санаспай, ел игілігі үшін еткен еңбектеріңізді әрдайым жоғары бағалап, құрметтейміз.

Халықтың әл-ауқатын арттыру және олардың болашағын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы үшін сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жаңа Қазақстанды құруды мұрат еткен жасампаз халқымыздың жарқын болашағы жолында атқарып жатқан жұмыстарыңыз жемісті болсын. Сіздерге зор денсаулық, қызметтеріңізге абырой, отбасыларыңызға амандық тілеймін!»-деп ақжарма тілегін білдірді.

Кәсіби мерекеге орай бірқатар мемлекеттік қызметшілер облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды.Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыс әкімінің жүлдесі үшін өткен дәстүрлі спартакиадага қатысып, аудан құрамасының жеңіс тұғырынан көрінуіне үлес қосқан қызметкерлерге аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.

Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.

Атап өтейік, ауданда мемлекеттік қызмет саласында 242 азамат жұмыс жасайды. Жергілікті атқарушы органдарда 173 қызметкер өз міндеттерін атқарса, оның 42-сі әйел азаматшалар. Ал мемлекеттік қызметшілердің 16 пайызын 29 жасқа дейінгі жастар құрайды.