Аудан әкімі қаладағы әлеуметтік нысандарды аралады

Аудан әкімі қаладағы әлеуметтік нысандарды аралады

Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов қаладағы бірнеше нысандарды аралап, қазіргі жағдайымен танысып шықты.

Алдымен «Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясының» аудандық филиалына барып, зертхана бөлмелерін, қоймаларды және ғылыми бағыттағы қызметкерлердің орындарын аралап, жұмыс барысымен таныс болды. Негізінен эпизоотиялық зерттеуді және аса қауіпті инфекцияларды анықтауды жүзеге асырып, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар кешенін орындаумен айналысатын мекемеде қазіргі таңда бактериялогиялық және вирусологиялық зертханалар жұмыс жасауда. Бактериялогиялық зертханада кеміргіштер, бүрге, кене, құс қалдықтары және жер қыртыстары сынды дала материалдары тексерілсе, вирусологиялық зертханада коронавирустық инфекцияға байланысты алынған сынамалар анықталуда. Өткен жылы бактериялогиялық зертханада 9554 сынама, ал вирусологиялық зертханада Қазалы ауданындағы бөлімшені қоса есептегенде коронавирус инфекциясын анықтау мақсатында 28037 сынама тексеруден өткізілген.

Мұнан кейін аудан басшысы №3 қалалық кітапханада болды. Нысан ішін аралап көрген соң, тұрақты оқырмандар мен келушілер туралы сұрап, олардың арасында түрлі сайыстар өткізіп тұру қажеттігін айтты. Кітап қоры 22 600 дана болатын кітапхана ғимараты ескіріп, тозығы жеткендіктен 2014 жылы апатты жағдайда деп танылған. Соған сәйкес жаңа нысан құрылысы үшін жобалау, іздестіру жұмыстары жүргізіліп, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жоба-сметалық құжаттамасына қажетті қаржы бөлу жөнінде ұсыныс берілген. Бұдан бөлек аудан орталығынан 200 000 кітап қоры болатын жаңа кітапхана ғимаратына да жобалау, іздестіру шаралары жасалып, аталған басқармаға жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін өтінім тапсырылған. Аудан басшысы жауапты орынбасарына кітапханалар мәселесіне қатысты қажетті шараларды үйлестіру жөнінде тапсырма жүктеді.

Одан соң аудан әкімі жедел жәрдем бөлімшесіне барып, тұрғындарға көрсетіліп жатқан медициналық қызмет барысымен таныс болды. Аталған бөлімшенің меңгерушісі дәрігер тапшылығы бар екендігін, ғимараттың ескіргендігін және автокөліктерге арналған гараж қажеттігін айтты. Жедел жәрдем қызметкерлерімен кездесіп, пікірлескен аудан басшысы айтылған ұсыныстардың облыстық денсаулық сақтау басқармасына жеткізілетінін білдірді.

Сонымен қатар, аудандық және «Абай» ауылдық емханаларында болып, флюорография, маммография сынды медициналық жабдықтар мен дәрігерлер бөлмесін көріп шықты. Денсаулық сақтау мекемелерін аралау барысында халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімді әрі сапалы болу керектігін айтып, дәрігерлерге атқарылар іс пен жауапкершіліктің зор екендігін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрі-дәрмек сақтайтын орында болып, бас дәрігерге олардың тиесілі адамдарға кедергісіз босатылуын қадағалауды тапсырды.

Арал қаласындағы нысандарды аралау барысында индустриалды-техникалық колледжіне арнап салынып жатқан жатақхана ғимаратына барып, құрылыс барысын көрді. Қазіргі таңда ғимараттың екінші қабатының едені құйылып, төбесі қапталған. Бірінші қабат бойынша бөлме аралық дуалдарын бұзу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан кейін сол маңдағы білім беру мекемесіне бейімделіп қайта жаңғыртылып жатқан ғимараттағы күрделі жөндеу жұмыстарын да көріп шықты.

Аудан басшысы жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне аталған нысандардың құрылысы сапалы әрі талапқа сай жүргізілуі жөнінде тапсырмалар жүктеді.