Мәжіліс отырысында түйткілді мәселелер талқыланды

Мәжіліс отырысында түйткілді мәселелер талқыланды

Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Қай салаға да серпін қажет екендігіне басымдық берілген жиынның күн тәртібінде аудандағы азық-түлік тауарлары мен жанар-жағар май бағаларын тұрақтандыруға байланысты атқарылған шаралар және алдағы міндеттер, жол көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының барысы қаралды. Жиынға дербес бөлім басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және ауылдық округ әкімдері «ZOOM» платформасы арқылы қатысты.

Алғашқы мәселе бойынша ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов азық-түлік бағасын қалыпты ұстау бағытында атқарылған жұмыстардың жайын тарқатып өтті. Айта кетер болсақ, бөлім басшысының хабарламасы бойынша азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түліктің бағасы тұрақты түрде бақылауға алынып, күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді. Жалпы ауданымызға азық-түліктің басым бөлігі сырттан тасымалданатын болғандықтан азық-түлік бағаларында ауытқулар бар. Дегенменде, азық-түлік сатушы дүкендердегі кәсіпкерлермен жеке-жеке сөйлесіліп, негізсіз баға өсірмеу жөнінде түсіндірілуде. Жергілікті жерде өндірілетін ет, сүт өнімдері сауда орындары мен сауда қатарларында тұрақты сатылуда. Жыл басынан бастап, азық-түлік өнімдерін тұрақтандыру үшін аудан орталығынан «Әлеуметтік дүкен» ашылды. Аталмыш дүкенде өнімдер нарық бағасынан 10-15 пайыз  төмен бағада, шекті мөлшермен сатылуда.

Мұнан соң аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Р. Жанаев аудан көлемінде  жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандар мен аудан орталығындағы және ауылдық округтердегі  жанар-жағар май мен сұйытылған  газдың сатылу  бағаларына  тоқталып өтті. 

Аталған жұмыстарды тыңдаған аудан әкімі шұғыл түрде ауыл шаруашылығы бөлімімен аудандық кәсіпкерлік бөлімі бірлесе отырып, ауданымыздан кәсіпкерлерді тауып, аудан орталығындағы әлеуметтік дүкендердің санын көбейтуді, сонымен қатар,  үлкен сауда орындары жанынан әлеуметтік дүкен бұрыштарын ашуды тапсырды. Бұған қоса аудан көлеміндегі кәсіпкерлердің барлығына әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын еселеп арттырғандарға заң жүзінде шара көрілетіндігін ескертуді және Сексеуіл, Жақсықылыш кент әкімдеріне кенттегі сауда орталықтары жанынан әлеуметтік дүкен бұрыштарын ашуға кәсіпкерлермен жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен қатар әр ауылдық округ орталықтарында наубайхана ашып, сол арқылы жергілікті жұртшылықты арзан нанмен қамтамасыз ету керектігін тапсырып, маңызды деген азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бағытында нақты тапсырмалар берді. Осы ретте әлеуметтік дүкен және наубайхана ашуға ниетті кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан тиісті қолдау шаралары көрсетілетінін түсіндіру жүктелді.

Аудан басшысы  алдағы уақытта жанар-жағар май мен газ бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлермен жұмыс жасап, аудан көлемінде және ауылдық округтерде  жанар-жағар май және газ құю бекеттерін көбейтуді қолға алуды тапсырды. 

Мәжілісте қаралған екінші мәселе аудан көлеміндегі жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы болды. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Н.Шегебаев баяндады. 

Полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы өз баяндамасында 2021 жылы аудан көлемінде 39 жол көлік апаты тіркелгендігі және бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 25,8 %-ға көбейгендігін айтты. Жол-көлік оқиғалары негізінен «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан елді мекендер тұсында автокөліктердің үй жануарларына соғуы мен қала ішінде көлікті мас күйінде тізгіндеу салдарынан орын алған. 

Мұнан кейін мәжілісте қаралған екінші мәселеге қатысты аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы А.Тасқынбаев қосымша баяндама жасады. Хабарламада 2021 жылы аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға қаладағы 24 шақырым болатын асфальт қабатымен жабдықталған көшелерге жол сызбалары мен жаяу жүргіншілер жолына, көлденең жолақ сызбалары сызылып, 64 дана жол белгілері стандартқа сәйкестендіріліп және де қыс мезгілінде автожолдарды күтіп ұстау жұмыстары жүргізілгендігі айтылды. 

Аудан басшысы баяндамашыларды тыңдаған соң, жол-көлік оқиғалары салдарынан адам шығыны тіркелген жағдайларға тоқталып, мұндай оқиғаларды болдырмау бағытында нақты жұмыс жасап және масаң күйде көлік тізгіндейтіндерге тиісті жаза қолдану қажеттігін айтты. 

Сонымен қатар, аудан көлемінде жеңіл автокөліктермен ешқандай қауіпсіздік талаптарын сақтамай елді мекендерден аудан орталығына, ауданнан облыс орталығына және басқа да қалаларға тұрғындарды тасымалдаумен  заңсыз айналысатын тұлғалардың жұмысына тоқтау салу керектігін ескертті. Мұнан кейін жолаушылар тасымалы үшін қалаішілік маршруттар жүргізуді қолға алуды жауапты бөлім басшысына тапсырды.

Бұдан бөлек аудан басшысы Сапақ, Аралқұм, Қарақұм  ауылдық округтерінің және Сексеуіл кенті мен Арал қаласы аралығындағы автокөлік жолдарына қауіпті бұрылыстары бар аймақтарды ескертетін жол белгілерін қою жөнінде және қала ішіндегі тозығы жеткен жол белгілерін ретке келтіруді, Арал қаласының кіреберісіндегі паспортын жаңалауды жауапты  сала жетекшілеріне жүктеді. 

Жол бойында орналасқан ауылдық округ әкімдері мен полиция бөліміне қараусыз жүрген үй жануарларының иелеріне айыппұл салып, ірі қара малдарға жарық шағылыстырғыш ленталарды тағу шараларын ұйымдастыру керегін айтты. «ҚазАвтоЖол» мекемесіне «Самара-Шымкент» автожолының бойындағы жауған қарды дер кезінде тазалауды және Арал қаласы әкіміне жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында қала ішіндегі автокөлік пен   жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазарту жұмыстарын уақытылы үйлестіруді тапсырды.

Жиын соңында аппарат мәжілісінде талқыланған мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын қадағалау жауапты орынбасарларға жүктелді.