Бүгін орталық алаңда Жаңа 2022 жылға арналған «Жаңа жыл, жаңа күн, жаңа нұр» атты мерекелік концерт өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімі Серік Сермағамбетов жиналған көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде: «Жаңа жыл – бұл тек күнтізбедегі сандардың ауысуы ғана емес, көңілге ерекше сәуле құятын салтанатты кезең. Халқымыз жылнама ауысар кезде «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп тілек айтады. Сол дәстүрлі жолмен өткенге салауат білдіріп, алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Сондықтан келе жатқан барыс жылы мемлекетіміз үшін, ауданымыз үшін тиімді шешімдер қабылданатын жыл болсын!
Барша халық асыға күтетін осы мереке әр шаңыраққа ырыс пен ынтымақ ұялатып, бақ-береке дарытсын. Айдан аман, жылдан есен жүріп, қуанышты күндерге кенеле берейік»- деп лебізін білдірді.
Мейрамның көркін қыздарған Аяз ата мен Ақша қар тұрғындарға ақ тілектерін арнады.
Мұнан соң орталық алаңға жиналған аудан жұртшылығы мерекелік бағдарламаны тамашалап, Жаңа 2022 жылды шат-шадыман, көтеріңкі көңіл күйде қарсы алды.