Өнердің өр талабы- Аралдың оңталабы

Өнердің өр талабы- Аралдың оңталабы

Талай дарын иелерінің бесігін тербеткен дархан даламыз қасиет пен тектілік мекені. Соның ішінде, өнер өлкесінің өр биігіне айналған қасиетті Арал теңізінің толқыны талай-талай өнер иелерін лек-легімен дүниеге әкелгені белгілі.

Бүгін аудандық мәдениет үйінде өлең мен өнерді серік еткен өр тұлға, ақын, сценарист, ҚР мәдениет қайраткері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы – Оңталап Нұрмахановтың шығармашылығына арналған «Өнердің өр талабы – Аралдың Оңталабы» - атты кеш өтті.

Қасиетті Құмбазардың дарыны, көңілінде жыр тебіренген ақын, сахна әлемінің сырбазы, атақты «Қорқыт – қобыз» әнінің мәтінін жазған Оңталап Дүйсенәліұлы Арал өңірі жұртшылығының көкейінен де, көңілінен де бір кеткен емес.

Кеш шымылдығы ақын, режиссер - сценарист Оңталап Нұрмаханов сахналаған Қызылорда «Жастар театры» әртістерінің «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» спектаклімен түрілді.

Шығармашылық кешке аудан әкімі С. Сермағамбетов қатысып : - «Бүгін өздеріңізбен театр өнеріндегі өресі биік дарынды тұлғалардың бірі, жерлесіміз, ақын-сценарист, режиссер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановтың шығармашылық кешінде бас қосып отырмыз.

Елімізге белгілі талай тарландар мен талантты тұлғалар түлеп ұшқан Арал топырағында дүниеге келген Оңталап ағамыз өнер өлкесіне осы өңірден қосылған болатын. Сан түрлі өнердің ішінде ақындықтан бөлек сахна мен театр мәдениетінің дамуына да сүбелі үлес қосып келе жатқан тұлғаның есімі мәңгілік өнер сүйер қауымның көкейінде сайрап тұра берері анық. Арал өңірінен де өнегелі өнер жолыңызды жалғастырып, қадірін ұғынатын дарынды шәкірттер шығады деп сенеміз»,- дей келе Оңталап Дүйсенәліұлы мен дарын иесінің жұбайын сахна төріне шақырып ақ тілегін арнап, дәстүрге сай сый-құрмет көрсетіп, шапан жапты.

Мұнан соң ақынның өнердегі ұстазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Аралдың құрметті азаматы, ақын - жырау күйші, сазгер М.Сыдықов сөз сөйлеп, ақ тілегін жаудырды. Белгілі күйші өнердегі шәкіртіне арнап «Құлбатыр» күйін қазақтың қара домбырасымен мейірін шығара күмбірлетті.

Шығармашылық кеште аудандық оқушылар үйінің жас өнерпаздары ақынның өлеңдерін оқып көрермендерді тәтті күйге бөледі. Сонымен қатар О.Нұрмахановтың замандас, қаламдас достары, ел ағалары Толыбай Абылаев, Ерғали Абдуллаев, Жұмабай Жақып сынды сөз саңлақтары ақынмен бірге өткен жас күндерін еске алып, өнердегі жан жолдастарына деген ізгі тілектерін арнауларымен жеткізді.

Одан әрі шығармашылық кеш ақынның ізбасарлары мен шәкірттерінен құрылған мәдениет майталмандарының салтанатты құттықтауына ұласып, киелі сахнада ақынның сөзіне жазылған «Қорқыт-қобыз», «Көздеріңнің көркемі - ай» секілді әндері шырқалды. Кешке жиылған өңір жұрты әсем әуенмен сусындап ерекше әсер алды.

Теңізді өлкенің топырағынан түлеп ұшқан Оңталап Нұрмахановтың шығармашылығына арналған кеш ақынға деген ізгі тілектер мен жылы лебіздерге толы болды.

Кеш соңында бүгінгі мен кешегіні тарих тамырымен сабақтастырған танымал дарын иесі сахна төріне шақырылып қалың көрерменнің ерекше қошеметі мен ықыласына бөленді.