Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өткізілді. Мәжілістің күн тәртібінде 2 мәселе талқыланды.
Алдымен 1 желтоқан – Тұңғыш Президент күні, 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуді ұйымдастыру туралы аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов баяндады.
Бектемір Ұлыбекұлы өз хабарламасында жыл басталғалы бері аудан көлемінде Тәуелсіздік мерекесін атап өту жөнінде арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, соған сәйкес бүгінге дейін аудан көлемінде қоғамдық-саяси маңызы бар 150-ге жуық мәдени-спорттық шаралар өткізілгендігін айтты. Сонымен қатар ауданда өткізіліп жатқан іс-шаралар легі аталған мерейтойға басымдық беріле отырып ұйымдастырылуда. Айтулы даталарды лайықты атап өту үшін бүгінгі күні іс - шаралар жоспары әзірленіп, 22 қараша мен 17 желтоқсан аралығын қамтитын желілік кесте жасалған.
Соған сәйкес ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы негізгі жетістіктерді және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың егемен Қазақстанның негізін қалаушы, халықаралық маңызы бар барлық жаһандық бастамалардың авторы ретіндегі рөлін айшықтау бағытындағы шараларды баяндап өтті. Қос мереке қарсаңында кітап көрмелері, тарихи, саяси сағаттар, патриоттық акциялар, білім беру мекемелерінде ашық тәрбие сағаттар, Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды ұлықтау шарасы, спорттық-мәдени сайыстар, салтанатты жиын, сала мамандарын марапаттау, жас мамандардың ант қабылдау рәсімдері өткізілетін болады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мерекелік имидждік медиа-өнімдер, зиялы қауым, жастар өкілдерінің, сала мамандарының бейне құттықтаулары жариялаудың және ақпараттық билбордтар орналастырудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, көпбалалы, аз қамтылған отбасылар үшін қайырымыдылық шараларымен бірнеше әлеуметтік нысандардың іске қосылуы жоспарланған.
Мұнан кейін сөз алған аудан әкімі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының маңыздылығына тоқталып, ұлық мерекенің ерекше атап өтілуіне барлық мекеме қызметкерлері атсалысуы қажет екендігін айтты. Мереке күндері көгілдір отын, электр энергиясы және ауыз судың іркіліссіз берілуін, жедел жәрдем және барлық қызмет көрсету салаларының жұмысын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, аудандық полиция бөліміне қоғамдық тәртіпті, автокөліктер қозғалысын бақылауда ұстау, жауапты сала басшыларына азық-түлік бағасын қоғамдық саяси ахуалды, қызметтік көліктердің қозғалысын қадағалау, тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастыру жүктелді.
Одан әрі мәжілісте сөз тізгінін алған аудандық қаржы бөлімінің басшысы Мақпалбай Көлдеев аудан бюджетінің 10 айда игерілуі және 11 айға болжамы туралы хабарлама жасады. Атап өтейік, аудан бюджетінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарлама әкімшілері 2021 жылдың 1 қарашасына белгіленген шығындар бойынша жоспар 95,7%-ға орындалып, белгіленген жоспарға сәйкес бюджет қаржысының толық иегрілмеуі орын алып отыр.
Аудандық қаржы бөлімі басшысының айтуынша мердігерлер тарапынан жүргізілген жұмыстардың жұмыс кестесінен кеш орындалуы салдарынан игерілмеген.
Игерілмеген қаржының негізгі бөлігі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінде қалыптасқан. Бұл көрсеткіштер бойынша да жекелей талдау жасап өткен аудан әкімі бюджет қаржысын мерзімінде игермеу фактілері қайталанған сала басшыларына мұндай жағдай жұмысты дұрыстап үйлестірмеуден туындап отырғанын айтты. Жол құрылысын және әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізетін мердігерлерге қойылатын талаптарды күшейту қажеттігін тапсырды.
Мәжіліс қорытындысымен аудан басшысы алдағы кезеңдерде бюджетті дұрыс жоспарлап, қаражатты орналастыру, ақшаны дер уақытында өз орнымен жұмсау мәселелеріне қатысты тиісті басшыларға тапсырмалар берді. Сонымен қатар берілген тапсырмалар мен міндеттемелерді орындауда ешқандай кемшілікке жол берілмеуін қатаң ескертті.