Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен санитарлық штабтың қорытынды отырысы өткізілді.
Штаб отырысында қала аумағындағы тазалықтың сақталуын қадағалау мақсатында бөлінген сектор жетекшілері өздеріне бөлінген аймақ бойынша жүргізілген жұмыстардың жай-күйін баяндады.
Сектор жетекшілерінің хабарлауынша қыркүйек айынан бері аудан көлемінде 8 мәрте сенбілік өткізілген. Тазалық шарасы барысында қала сыртындағы және көшелердегі қоқыс тасталған аймақтардың тазалануына мекеме қызметкерлері атсалысып, көлемі үлкен аймақтарды тазалау үшін техникалар жұмылдырылған. Сонымен қатар, топ жетекшілері әр секторда тұрғындарға рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастамау қажеттігі жөнінде жүргізілген түсіндірме жұмыстарын, көше комитеттері мен тұрғындардың қатысуымен өткізілген жиындар және талап бұзған тұрғындарға заң аясында көрілген шараларды баяндап өтті. Қазіргі таңда тұрғындарға қала бойынша тазалыққа жауапты мекеме «Қуанышбек» ЖШС-мен келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізілуде.
Жиын барысында әрбір сектордағы тазаланған орындарға қайта қоқыс тасталған жағдайлар слайд арқылы көрсетілді.
Аудан басшысы бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарды тыңдап шыққан сектор жетекшілеріне тазаланған жерлерді осы күйінде ұстап тұру үшін рейд шараларын үздіксіз жүргізу қажеттігін айтты. Халық арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін күнделікті белгіленген аймақты аралап, тұрғындарға үнемі ескерту жасап отыруды тапсырды. Мұнымен қоса қоқыс жәшігі жоқ тұрғын үйлерден шығатын тұрмыстық қалдықтарды жинақтап, бір жерден қаптармен алып кету жұмыстарын үйлестіруді жауапты мамандарға жүктеді.
Аудан әкімі сенбілік уақыты аяқталғанымен жұмыс барысындағы кемшіліктерді жою, көшелердің түнгі жарықшамдарының толық жануын, әр сектордағы ойын алаңдары мен аллеялардың жағдайын қадағалау, кәсіпкерлік нысандардың сырт келбеттерін реттеу, кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді «Қуанышбек» ЖШС-мен толықтай келісімшартқа отырғызу үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізу, негізгі міндеттері болып қала беретінін айтты.
Штаб отырысының қорытындысымен қала әкіміне жөндеуді қажет ететін барлық бейне камералардың толық іске қосылуы, аудандық полиция бөліміне қаланың әсемдігі үшін безендірілген заттардың бүлінбей сақталуын бақылау, тәртіпті қадағалау және жауапты сала басшыларына бағдаршамдардың тұрақты жұмыс жасауын бақылау тапсырылды. Сондай-ақ, халықты тазалық сақтауға шақыратын мақалалар мен посттар және белгіленбеген орындарға қоқыс қалдықтарын тастау дерегімен заң талаптарын бұзған тұлғаларды әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жариялау, күзгі мезгілде өткізілген тал егу акцияларының нәтижесі туралы хабарлау жүктелді.