Еркін күрестен Сақытжан Мүсеновті еске алуға арналған республикалық турнир бастау алды

Еркін күрестен Сақытжан Мүсеновті еске алуға арналған республикалық турнир бастау алды

Бүгін Арал қаласындағы орталық стадионда еркін күрестен 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында белгілі спортшы, кәсіптік білім беру саласының үздігі Мүсенов Сақытжан Сражатұлын еске алуға арналған республикалық турнир басталды.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары

Е. Талекенов қатысып, Сақытжан Сражатұлының өмір жолы мен ауданның спорт саласына сіңірген еңбегіне тоқталып, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі. Одан кейін С.Мүсеновтің жары турнирді ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, шынайы ықыласын жеткізді.

Сақытжан Мусенов - 1972 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Арал көпсалалы колледжінде (№2 Арал кәсіптік лицейі) дене тәрбиесі пәнінің жетекшісі қызметін атқарды. Лицейде қызмет еткен жылдардан бастап спорттың оннан астам түрінен дәстүрлі спартакиаданың 36 жыл өткізілуіне ұйытқы болды. Ол спартакиада әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

Аталмыш турнирде Алматы, Шымкент, қалалары және Батыс Қазақстан, Манғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан келген 250-ге жуық жас балуандар 12 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынауда.